Сотталғандар жіберген арыз-шағымдар бірден прокурорға немесе өзге де құқыққорғау органдарына түседі.
ERNUR.KZ. Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты мекемелерге арыз-шағым қабылдауға арналған терминал орнатылды, деп жазады inbusiness.kz.
Сотталғандар саусақ ізі арқылы құқыққорғау органдарына шағым немесе өтініш қалдырып, үш күн ішінде жауап алатын болады.
«Терминал сотталғандарға қолжетімді жерге қойылды. Сотталғандар жіберген арыз-шағымдар бірден прокурорға немесе өзге де құқыққорғау органдарына түседі. Яғни мекеме әкімшілігі араласа алмайды. Мәселен азаптауға қатысты арыз-шағымдар сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне жолданса, қызмет өкілеттіктерін асыра пайдалануға қатысты шағым полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесіне жіберіледі. Шағым немесе өтініш түсірген сотталғанның жеке басын анықтау саусақ іздері арқылы іске асырылады. Бұған қоса, шағымды қарау және шешім қабылдау процесін онлайн бақылауға мүмкіндік бар,- дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Манарбек Габдулин.
Барлық мекемедегі сотталғандарға терминалды қолдану тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ арыз-шағымдарды мекемелердің сенім телефоны арқылы да қалдыруға болады.