Атырауда жасқа толмаған сәби аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды

0
574

Науқас сәби Қ.А. биыл 9-15 желтоқсан аралығында «ОРВИ. О.Бронхит» диагнозымен емделген.


Атырауда жасқа толмаған сәби аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды

ERNUR.KZ. Атырауда биыл дүниеге келген сәби аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Оған бронхит диагнозы қойылған, деп жазады inform.kz.

Атырау қаласындағы №2 облыстық аурухана әкімшілігінің ақпаратына сүйенсек, науқас сәби Қ.А. биыл 9-15 желтоқсан аралығында «ОРВИ. О.Бронхит» диагнозымен емделген. Оның жағдайы жақсарған соң үйіне жіберілген.

Ауруханадан шыққан кезде мекенжайы бойынша Атырау қаласындағы №1 емханаға мәлімет берілген. Ата-анасы 17 желтоқсан күні баласын жеке клиникаға апарып, дәрігерге қаратқан. Алайда, 21 желтоқсанда нәрестенің дене қызуы тағы да көтеріліп, жөтелі күшейген. Соған байланысты науқас сәби №2 облыстық ауруханаға қайта жатқызылған.

«Дәрігерлер қойылған диагнозға байланысты емдеу хаттамасына сай емдік және диагностикалық шараларды жүргізуді бекітті. Балада жедел вирусты инфекция ауыр ағымда өтіп, өкпе қабынуы асқынған. Осыған байланысты сәби 23 желтоқсан күні жансақтау бөліміне ауыстырылды. Барлық реанимациялық шара өткізілгенінен қарамастан, ол шетінеп кетті», - деп хабарлады аурухананың әкімшілігі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 29 жастағы әйел жүктіліктің 36-аптасында қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ Атырауда 51 жастағы әйел емханада алған уколдан соң көз жұмғанын жазған болатынбыз.