Қызметіне салғырт қараған сақшыларды өз әріптестері тергеп жатыр.
Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Атырауда жесір әйелдің басынан балтамен ұрып, өзі асылып өлген күдіктіге жақтасқан жеті полицей жұмыстан қуылды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қазіргі кезде қызметіне салғырт қараған сақшыларды өз әріптестері тергеп жатыр.
Алайда жәбірленушінің әпкесі қанды қылмыстың алдын алуға асықпаған полиция департаментін түгел тексеруді талап етіп, ішкі істер министріне шағымдануды көздеп отыр.
Учаскелік полицейге мән-жайды баяндадым деген жәбірленуші әпкесінің айтуынша, жағдай ушығып жатқан соң қайта хабарласқанда телефон тұтқасын көтерген полицей қатқыл дауыспен: "Қазір барады ғой, ұшамыз ба енді?!" деп жауап берген көрінеді.
"Олар дер кезінде келгенде, қан төгілмес еді. Тәртіп сақшылары сіңлімнің осыған дейін жазған арыз-шағымына да құлақ аспаған. Ішкі істер министрінен өтініп сұраймын, барлығын өз бақылауына алса деймін", – дейді жәбірленушінің әпкесі Алиса Сатанова.
Дәрігерлер басына балта тиген келіншектің қазіргі жағдайы жақсы екенін айтуда. Күрделі ота жасауды қажет етпейді. Ал анасын балталап жатқанын көзімен көрген бүлдіршіндер әлі де психологтардың бақылауында.
Айта кетейік, өткен аптада махаббатқа мас болған күдікті жесір келіншекті басынан балтамен ұрып, кейін өзі асылып қалған. Ол жәбірленушінің қыр-соңынан қалмай бірнеше ай бойы зәбір көрсеткен.
Әбден қорқып қалған әйел полицияға бірнеше мәрте шағымданыпты. Бірақ тәртіп сақшылары оның арызын қабылдамай, күдіктіге еш шағымым жоқ деп қолхат жазуға мәжбүрлеген.