Ауыл шаруашылығы мамандарын роботтар алмастыруы мүмкін

0
3 101

Соған сай кейбір мамандар керексіз болып, енді бірі жаңадан ашылып жатыр.


Ауыл шаруашылығы мамандарын роботтар алмастыруы мүмкін

ERNUR.KZ. Алдағы бес жылда жүк тасушының орнын – роботтар, сұрыптаушыны лазер алмастыруы мүмкін. 2020 жылдың үшінші тоқсанында ауыл шаруашылығы саласында 1,2 млн адам жұмыспен қамтылған, бұл Қазақстандағы жалпы еңбеккерлердің 13,9%-ы, деп жазады inbusiness.kz.

2020 жылдың он айындағы көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы электрондық еңбек биржасында 50 мың бос жұмыс орны жарияланған. Оның тек 40%-ы ғана мамандықтың бар болуын талап еткен.

Былтыр механизация саласындағы тракторшы, инженер, күзетші, кран операторы, көтергіш құралдардың маманы және жеке көлігі бар жүргізушілер жоғары сұранысқа ие болған. Қазіргі таңда цифрлық технологияның дендеп енуі мен жүйелердің автоматтандырылуы еңбек нарығын ерекше өзгеріске ұшыратты.

Соған сай кейбір мамандар керексіз болып, енді бірі жаңадан ашылып жатыр. Адам күшін қажет ететін жұмыстар енді автоматты жүйеге ауысқан. Ал ақыл-ойды қажетсінетін қызметтер жасанды интеллектіге көшкен.

Мұндай әлемдік ауқымды өзгерістер ауыл шаруашылығын да айналып өтпеді. Бүгінде бұл салада 10 жаңа мамандық ашылса, есесіне, 10 кәсіп жойылудың алдында тұр. Жаңа мамандықтардың қатарында малшы-робототехник, жер және су ресурстарымен айналысатын IT-инженер, агроном-экономист, цифрлық агроном, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, тағы басқалар бар. Ал жақын бес жылда жойылатын мамандардың ішінде таңбалаушы, өлшеуші-ораушы, сұрыптаушы, жүк тиеуші аталған. Бұл мамандық иелерінің жұмысын роботтар алмастырады.

Мысалы, бір робот-ораушы бірнеше адамның жұмысын бір сағатта-ақ атқарып тастайды. Ал жұмыс берушіге немесе қожайынға күндіз-түні демалыс дегенді білмейтін темірден жаралған робот тиімді екені анық. Сондықтан жақын болашақта көптеген маманды «темір адамдар» алмастырады деген уәжге келісуге тура келеді.