Су кодексі өндірістік мақсатқа тек техникалық су пайдалануға міндеттейді.
Фото: Kazinform
ERNUR.KZ. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп жазады inform.kz.
- Жалпы алғанда, Су кодексінің жобасы су шаруашылығы құрылыстарын толыққанды есепке алу, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау, баламалы су көздерін пайдалану, еріген суларды жинау және оларды 2 млн текше метрден аспайтын көлемде егін суаруға арнайы рұқсатсыз да пайдалану, су объектілерін мониторингілеу нормаларын нақтылайды.
Сондай-ақ құжат сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, нөсер және дренаж суларын реттеу, иесіз жүйелерді коммуналдық меншікке беру, өндірістік мақсаттарда ауыз судың орнына техникалық суды пайдалану, қызметтерді уақытша тоқтату және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту бойынша техникалық аудит негізінде шаралар қабылдауды көздейді, - деді вице-министр.
Болат Бекнияз Ұлттық гидрологиялық қызметті құру не үшін қажет болғанын айтты.
- Су кодексінің аясында жерасты суларын іздеу, бағалау, мониторинг және қорғау саласындағы нормалар да күшейтілді. Бұл мәселелермен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрамындағы Ұлттық гидрологиялық қызмет айналысады, - деді ол.