Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автокөлік және ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауыттарда 5 рет көшпелі отырыс өткенін мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Алматыда «ҚР Халқы кәдеге жарату және алғашқы тіркеуге қарсы» петициясын қарау жөніндегі жұмыс тобының қорытындылары бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатыр, жазады inform.kz.
Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автокөлік және ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауыттарда 5 рет көшпелі отырыс өткенін мәлімдеді. Оның қорытындысы бойынша Үкімет тарапынан шешуді қажет ететін бірнеше мәселе анықталды.
«Біріншіден, утилизацияны өндірістен ажырату керек. Бұл – экологиялық мәселе. Осы өтініштерді қарау аясында біз Индустрия министрлігінің утилизацияның не үшін қажет екенін түсіндіріп жатқанын көрдік. Бұл – экологияға қатысты мүлде басқа мәселе, сондықтан оны тұжырымдамалық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да бөлу қажет», - деп есептейді депутат.
Оның айтуынша, елде қоршаған ортаны ластайтын, қоқысқа толы полигондар бар.
«Утиль алым жүйесіне қатысты сұрақтар әлі де бар. Жинауға және утилизацияға қарамастан, бізде әлі де қоршаған ортаны ластайтын, қоқысқа толы полигондар бар. Бұл жерде «Жасыл даму» қоры өз жұмысын ашық көрсетіп, жақын арада қалдықтарды өңдейтін зауыттар жұмысының нәтижесімен халықты таныстыруы керек деп ойлаймын», - деді Олжас Құспеков.
Депутат техникалық регламентке қатысты сұрақтар бар екенін де тілге тиек етті.
«Елде техникалық регламентке сай келмейтін көліктер қалай пайда болады? Бұл – америкалық өндірушілер, бұл қазіргі уақытта нарықта бар оң жақ рульді көліктер. Бұл жол-көлік апаттарын арттырады және өлім-жітімді көбейтеді. Сондықтан дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, автокөлік өндірісі туралы заңды әзірлеу қажет», - деді ол.