Бүгінгі таңда, Қапланбек, Атамекен, Көлжат және Алакөл сияқты төрт пункт пайдалануға берілді.
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту барысы қаралды. Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндағандай, инфрақұрылымды жаңарту тұрақты логистика мен кедергісіз сыртқы сауда ағынын қамтамасыз етудің негізгі элементі болып саналады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ukimet телеграм арнасына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда, Қапланбек, Атамекен, Көлжат және Алакөл сияқты төрт пункт пайдалануға берілді.
«Жыл соңына дейін қалған 5 пункт «Қазығұрт», «Тәжен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты» кезең-кезеңімен іске қосылады. Осылайша, жаңғырту еліміздің сыртқы шекарасындағы тиісті пунктерді 100% қамтиды. Бүгінгі таңда, өткізу қабілеті орта есеппен 25%, оның ішінде Қытаймен шекарада – 37%-ға ұлғайды. Пунктердегі өту уақыты 9 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарды», – деп атап өтті қаржы министрі.
Ол CargoRuqsat электронды кезек іске қосылып, 55 мың жүргізуші мен 145 мың көлік құралы тіркелгенін атап өтті. Жаңғырту аяқталғаннан кейін, барлық өткізу пункттері бизнес пен азаматтардың жылдам, қауіпсіз және ашық өтуін қамтамасыз ететін, сыртқы шекараны басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне қосылады.