Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі 5 жылға дейін қысқарады

0
540

Коллекторлар енді борышкерлерге қоқан-лоққы жасай алмайды.


Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі 5 жылға дейін қысқарады

ERNUR.KZ. Бүгін Сенат депутаттары коллекторлық жосықсыз агенттіктерге қатысты заң қабылдап, олардың бөгде адамдардың телефон нөмірінен борышкерлерге хабарласуына тыйым салады. Одан бөлек, агенттіктер борышкермен сөйлесудің кез келген процесін бейне және аудио түрінде жазба жүргізуге міндетті болмақ. Сенаторлардың пікірінше, бұл норма коллекторлар тарапынан дөрекі сөйлесу немесе заңнаманы бұзудан сақтайды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сонымен қатар, несие тарихы нашар адамдар енді аса қажет болған жағдайда несие ала алады. Егер бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде қабылданған түзетулерге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады.

«Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі де маңызды мәселе болып отыр. Банктер өткен 10 жылда қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға кредит беруден бас тартады. Несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда біздегі 490 мыңға жуық отандастарымыз қажет болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға мүмкіндік алады», - деді сенатор Ольга Перепечина.

Заңда банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады. Сондай-ақ қарыз алушылардың кредиторларға өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.