Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ұсынған Балайым Кесебаева мен Павел Казанцевтің кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады.
ERNUR.KZ. Парламенттің жетінші шақырылымының жалпы отырысында мәжіліс төрағасының орынбасарлары сайланды, деп жазады sputnik.kz.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы орынбасары қызметіне депутат Балайым Кесебаеваны ұсынды.
"Балайым Кесебаева – алтыншы шақырылымның депутаты болған, тәжірибесі мол білікті заңгер. Алтыншы шақырылымда заңнама және сот-құқықтық комитетінің мүшесі болды. Заң шығару қызметіне белсенді қатысып, кәсіби шеберлігін көрсетті", - деді Нығматулин.
Төрағаның бұл ұсынысын мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар мәжіліс төрағасының ұсынысымен Павел Казанцев мәжіліс төрағасының орынбасары болып сайланды.
Айта кетейік, парламенттің жетінші шақырылымының жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы болып сайланды.
Балайым Кесебаева туралы
Балайым Туғанқызы Кесебаева 1966 жылы туған.
Талдықорған заң техникумын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бакалавр бойынша бітірген.
Қызмет жолын 1985 жылы Шымкент облыстық атқару комитетінің әділет бөлімінде кеңсе меңгерушісі болып бастады.
2016 жылы 24 наурызда алтыншы шақырылымда мәжіліс депутаты болды, Nur Otan партиясы тізімі бойынша сайланды.
Тұрмыс құрған, екі баласы бар.
Павел Казанцев туралы ақпарат
Павел Олеговия Казанцев 1960 жылдың 22 наурызында Ресейдің Томск қаласында туған.
1982 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын "автомобильдер және автошаруашылық" мамандығы бойынша үздік бітірген. 1986 жылы Джерзинский атындағы КСРО МҚК жоғары мектебін бітірді.
Еңбек жолын 1982 жылы Целиноград облысындағы Қазақ ССР жанындағы көлік министрлігінің аға инженері болып бастаған. Кей жылдары Ақмола қаласы әкімінің орынбасары болды.
2003-2007 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты болған. 2016 жылдан алтыншы шақырылымда мәжіліс депутаты болды.
Үйленген, екі баласы бар.