Ашуға булыққан ата-аналар «Сәби-бала» балабақшасының жабылуын сұрап отыр.
Балабақшадағы балаларды жұлқылып ұрып, бейнекамераға түсіп қалған тәрбиешінің видеосы қоғамда қызу талқыға түсіп, бүгін бір топ ата-ана дәл сол қызметкер жұмыс істейтін «Сәби-бала» балабақшасына барып дау шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Олар «бүлдіршіндеріміздің аяғы көгеріп, ерні жиі жырылып келетін» деп ашуланып отыр. Алайда ойын баласының жарақаты деп мән бермепті. Бірақ камерадан 6 жасар баланы аясуыз төмпештеп жатқан тәрбиешіні көргенде жаға ұстапты.
Баламды балабақшаға беруден қорқамын деген ата-аналар «Сәби-бала» балабақшасының жабылуын сұрап отыр. Өйткені бұған дейін де шағым түсіргенбіз, алайда жауапсыз деп ашулы. Бұл кадрлардан тәрбиешенің әр баланың жанына барып, жұлқылап қол жұмсап жатқанын көруге болады.
Алты жасар баланы аяусыз ұрды деп айып тағылған тәрбиеші Алматыдағы дәл «Сәби бала» балабақшасында жұмыс істеген екен. Қазір ол әйелдің атына қылмыстық іс қозғалып, жұмыстан шеттетілген көрінеді. Алайда ашулы ата-аналар оған қатаң жаза қолдануды сұрап отыр.
«Баламыз айтуға қорқып, балабақшаға барғысы келмей жүр» деген ата-ана аталмыш орталықты тыңғылықты тексерсе, былығы жетіп артылады дейді.
«Қызым жуынды жейді, одан қалса таяқ жейді, тәрбиеші шымшыған екен. Басе, шомылдырған кезде «аяғым» деп ауырсынады. Сонда да шомылдырамын. «Мама, мені ұйықтағанға дейін алып кетші» деп жылайтын», – дейді Жетісу ауданының тұрғыны Гүлхан Оспанова.
95 баланы тәрбиелеп отырмыз деген балабақша басшылығы бұрын-соңды шағым түспеді деп ақталды. Ал басы дауға қалып, баланы ұрды деп айыпталған тәрбиеші мұнда екі жыл бойы қызмет етіп келеді екен.
«Бұған дейін мұндай жағдай тіркелмеген. Балабақша бойынша бірінші рет осындай жағдай болып отыр. Ол тәрбиеші бойынша айтатын болса, ол кісі 2-дәрежелі педагог. Неге ондай қадамға барғанын білмеймін. Айта алмаймын», – дейді «Сәби-бала» балабақшасының меңгерушісі Анар Нұрсұлтанова.
Аталмыш іске қатысты қазір Алматы қалалық Полиция департаменті іс қозғап, дәлелдер жиналып жатқанын мәлім етіп отыр.
«Қылмыстың кодекстің 140-бабының 2-тармағы бойынша заң шығарушы орган қылмысты жасаған заматқа 3 жылға дейін бас бостандығына айыру мерзімін беруді көздеп отыр», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Даулы мәселені соңына дейін жеткіземіз деген ата-ана мұндай жағдай қайталанбас үшін қатаң бақылау керек деп отыр. Оның үстіне, іс қозғалған тәрбиешінің жауаптан бұлтарып кетуі мүмкін деп алаңдайды.