Балалардың есірткі қолданатынын анықтайды": Қазақстанда енді білім беру мекемелерінің құбыры тексеріледі

0
550

Сот сараптама орталығының мамандары ағынды кәріз су құрамын талдау есірткі тұтынуды нақты уақыт режимінде бақылаудың таптырмас әдісі дейді.


Балалардың есірткі қолданатынын анықтайды

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Білім беру мекемелерінің құбырынан сынама алу арқылы оқушылар мен студенттер арасында есірткі тұтынатындардың бар-жоғы анықталмақ. Әділет министрлігі мен бас прокуратураның осы әдіспен бірлесе жүргізген тексерісінің қорытындысы бойынша алты материалдың төртеуінен мефедрон табылған, деп жазады stan.kz.

Сот сараптама орталығының мамандары ағынды кәріз су құрамын талдау есірткі тұтынуды нақты уақыт режимінде бақылаудың таптырмас әдісі дейді. Бұл тәжірибе, әсіресе, Батыс Еуропада кеңінен қолданылады. Есірткіні тұтыну ошақтарын анықтау мақсатындағы пилот жоба аясында бас қалада мектептер, тұрғын үй кешендері мен түнгі клубтар маңында зерттеу жүргізілді. Осы арқылы есірткі таралу аумағының айқын көрінісін анықтауға жақсы мүмкіндік туды дейді зерттеушілер.

“Пилот жоба белгілі бір ортада есірткіні қолдану қаншалықты жиі кездесетінін білу үшін жүргізілді. Талдауда қандай да бір белгілерді нашаның өзінен емес, ағзадан шығарылған метаболиттерінен анықтаймыз. Астанада есірткі заттарының барлық түрі қолданылады деген қорытындыға келдік. Енді зерттеуді Қазақстан бойынша жасағымыз келеді”, – деп мәлімдеді Әділет министрлігі сот сараптама орталығының директоры Руслан Сатыбалдиев.