Мектепте тамақтанудың жаңа стандарты жасақталды.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтай отырысында берілген тапсырмасы шеңберінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, Парламент депутаттары мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі барлық шараны біріктіретін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақ бағдарламаның құрылымында сапалы білімге қол жеткізу, балалардың денсаулығы, отбасыларды әлеуметтік қорғау және қолдау, қауіпсіздік, спорт, шығармашылық және балаларды қоғамдық өмірге тарту, отбасының рөлін нығайту, саналы ата-ана болу және әке болуды қолдау сияқты негізгі бағыттар бар. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде осылай деді.
Оның айтуынша, «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы – тең мүмкіндіктер, әрбір баланы қолдауға және қорғауға баса назар аудара отырып, балалар мүдделері үшін орнықты мемлекеттік саясаттың іргетасы.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі қазақстандық балаларға Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% -ы жыл сайын автоматты түрде ашылған дербес шоттарға аударылатыны белгілі. 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ долларынан есептелсе, 2025 жылы есептеулер сомасы 129 долларға дейін өсті. Сонымен қатар алушылар саны да өсуде - 2024 жылы 304 мың баладан 2025 жылы 324 430-ға дейін жетті», – деді вице-министр.
Сонымен қатар өскелең ұрпаққа сапалы білім алу үшін бөлінетін мемлекеттік гранттарға қосымша қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» ерікті жобасы іске асырылуда. Осылайша, еліміздегі демографиялық өсім аясында «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы «Келешек» жобасымен бірге қолжетімді білім беруді қамтамасыз етуге, лайықты мамандықты меңгеруге немесе тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттің кішкентай азаматтарына қамқорлығының негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік мектеп оқушыларымен қатар, жекеменшік мектептердің 1-4 сыныптарының оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, бұл 25 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар мектепте тамақтанудың жаңа стандарты жасақталды. Ол 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында күшіне енеді. Рационды жаңартумен қатар, тамақтану қауіпсіздігі мен мектеп асханаларының санитарлық жағдайына бақылау күшейтіледі. Білім беру саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету үшін біздің елімізде инклюзивтік саясат халықаралық конвенциялар талаптарына сәйкес дамуда.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында білім берудің барлық деңгейінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктер регламенттелген. Бүгінде жалпы білім беретін мектептердің 90%-дан астамында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Инклюзивті білім беруді дамытудың басым бағыттары Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген.