Мүфтият Алматыдан бір топ қазақстандықтарды қажылыққа шығарып салды.
ERNUR.KZ. Мүфтият басшысы Наурызбай Қажы Тағанұлы қажылық жасаудың маңызы мен сауабы туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Адам шынайы ниетпен, адал еңбегімен тапқан дүниесімен қажылық жасайтын болса, Алла қаласа, оның сыйы – жәннат. Құран кәрімде жағдайы келген және денсаулығы жараған адам өмірінде бір рет қажылық жасауы керек деп жазылған. Әрине, мүмкіндігі бар адам ғана қажылыққа баруы керек. Ал мүмкіндігі жоқ адамға қажылық парыз емес", – деді Тағанұлы Ұлттық арнаға берген сұхбатында.
Бас мүфтидің айтуынша, жақында мүфтият Алматыдан бір топ қазақстандықтарды қажылыққа шығарып салды.
"Біз оларға сәт сапар тіледік. Елге аман-есен оралуына тілектестік білдірдік. Сондай-ақ қажылыққа барғасын ел үшін, Отан үшін дұға жасасын деп өтініш айттық. Сосын бізде жылда бір дәстүр бар. Арапа күнінде "бір мезетте – бір дұға" шарасын өткіземіз. Сол шарада бүкіл қазақ халқы үшін, ел үшін, жер үшін, әлем үшін дұға-тілектер жасалады", – деп атап көрсетті мүфтият басшысы.