Бас мүфти сенат төрағасынан көмек сұрады

0
915

Кездесу барысында имамдар тап болып отырған өзекті мәселелер талқыланды.


Бас мүфти сенат төрағасынан көмек сұрады

Парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева 18 қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XVIII отырысы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Оразбен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Дариға Назарбаева Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығы отырысына дайындық туралы айтты. Сенат төрағасы діни форумның маңызына тоқтала келіп, ұлтаралық және дінаралық үйлесімді сақтау және оны нығайту қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында имамдар тап болып отырған өзекті мәселелер – жалақының төмендігі, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау жайы да талқыланды. Бас мүфти биыл бір жарым мыңнан астам теолог даярланғанын, алайда олардың 800-і еңбекақының төмендігіне байланысты мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін айтты. Серікбай қажы Ораз осы мәселені шешуге жәрдемдесу туралы өтінішін жеткізді. Төраға бұл мәселе заң шығарушылар назарына ұсынылып, талқыға салынатын хабарлады.

Бас мүфти Нұр-Сұлтан қаласында "Хасеки" университетінің филиалы құрылып, онда теолог-магистранттар даярланатынын жеткізді. Дариға Назарбаева бұл шешімнің маңыздылығына назар аударды.

Кездесу барысында Қазақстандағы діни мамандар тізілімі мен мұсылмандарды жерлеудің бірыңғай стандартын жасау, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ ҚМДБ жұмысында цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.