Бас прокуратура: қылмыс 8% төмендеді

0
282

Криминогендік жағдай прокуратураның тұрақты бақылауында.


Бас прокуратура: қылмыс 8% төмендеді

Бас прокуратурада облыстар прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн қосылуымен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас Прокурор іс-шараны аша отырып, прокурорлар өздерінің қадағалау функцияларын орындау кезінде Мемлекет басшысының барлық мемлекеттік аппарат үшін басты базалық бағдар ретінде көрсеткен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын қатаң ұстануға міндетті екенін атап өтті. Прокуратура органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі күш-жігері халықты толғандыратын проблемаларды шешуге бағытталуға тиіс,

Аталған кезеңде прокуратура органдары балаларды қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ел басшылығының бақылауындағы басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша шаралар қабылдай отырып, тексерулер мен талдауларды аяқтады. Су тасқыны салдарын жою кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды, одан зардап шеккен тұрғандарға баспана салу жұмыстарының барысын бақылауға алынды.

Еңбек қатынастары саласында прокуратура қабылдаған шаралармен 87 мың адамның құқығы қалпына келтірілді, 3 мың қызметкердің алдында 202 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өндіріп алынды.

Мемлекет басшысының инвестициялар бойынша берілген тапсырмасын іске асыру шеңберінде прокурорлар 32 трлн теңгеге 770 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. 350 инвесторға көмек көрсетілді. Олардың экономикаға қосқан үлесі 6,4 трлн теңгені құрады. «Прокурорлық сүзгі» арқылы мемлекеттік органдардың 2300 материалы өтті (тексерулерді тағайындау туралы, әкімшілік іс жүргізулер қозғау туралы). Қарау нәтижелері бойынша келісуден бас тартылғаны: 31 - шектеулер бойынша, 71 - тексеру тағайындау бойынша, 170 - әкімшілік іс жүргізуді қозғау бойынша.

Бүгінгі таңда 44 мың кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Оларға қатысты мемлекеттік органдардың алты мыңнан астам тыйым салу және шектеу шаралары жойылды (олардың басым көпшілігі мемлекеттік кірістер желісі бойынша – 6050).

Жалпы, әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 2,5 млн адамның құқықтары қалпына келтірілді. Бюджетке 41 млрд теңге көлемінде келтірілген залал өтелді. 167 қылмыстық іс қозғалды, 75 адам сотталды.

Активтерді қайтару бойынша мемлекетке 312 млрд теңге, оның ішінде шетелден – 63 млрд теңге қайтарылды. 50 млрд теңгеге 513 мың гектар олигополия жері тәркіленді.

Криминогендік жағдай прокуратураның тұрақты бақылауында.

Жалпы, 8%- ке қылмыс төмендеді (61 422-ден 56 369-ға дейін).

Тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз ету шеңберінде прокурорлар 800-ден астам азаматты қылмыстық ортаға негізсіз тартудың жолын кесті.

Конституциялық құқықтардың бұзылуы үш еседен астам төмендеді. Прокурорлардың наразылықтары мен өтініштері бойынша 34 сотталушының жағдайы жақсарды, 2 адам ақталды.

708 заңсыз ұсталған адам босатылды.

Сондай-ақ биыл арнайы прокурорлар бірқатар резонанстық істер бойынша тергеп-тексеруді аяқтады және оларды сотқа жіберді.

Конституциялық Сотта 10 іс жүргізу бойынша құқықтық қорытындылар берілді (сот қорғау құқығын іске асыру, заң алдындағы барлығының теңдігі, заң көмегінің қолжетімділігі жөнінде). Конституциялық Сот Бас Прокурордың 2 жолданымы бойынша оң шешімдер шығарды.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Ағымдағы жылы Кипрмен сотталғандарды беру туралы және Катармен құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы халықаралық шарттарға қол қойылды. Олар Парламентте ратификациялануда. Басқа елдерден шетелде жасырынған 13 іздеуде жүрген адам экстрадицияланды.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор негізгі міндеттерді белгілеп, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді. Прокурорлар мемлекет басшысының азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, активтерді қайтару, әсіресе отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикаға, есірткіге, алаяқтыққа қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа, азаптауларға қарсы іс-қимыл және қадағалау қызметінің басқа да өзекті бағыттары бойынша тапсырмаларын орындауды жалғастырады.