Бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіледі

0
127

Бастауыш сыныптардағы бағалаудың жаңартылған тәсілін барлық білім беру ұйымдарында бірізді қолдану үшін педагогтерге орталықтандырылған әдістемелік қолдау көрсетіледі.


Бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіледі

ERNUR.KZ. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Бағалау орталығы бағалаудың бірыңғай талаптары мен тәртібін айқындайды. Бағалау орталығы педагогтерге әдістемелік ұсынымдар мен тапсырма үлгілерін ұсынады. Сондай-ақ оқушылардың оқу нәтижелерін зерделеп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетеді. Бағалау нәтижелері ата-аналарға қолжетімді болады. Аралық бағалау нәтижелері электронды немесе қағаз журналда тіркеледі. ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

«Нәтижелер туралы ақпарат оқушыға және оның ата-анасына немесе заңды өкіліне қағаз немесе электронды форматта ұсынылады. Баланың жеке ерекшеліктері ескеріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды бағалау кезінде педагог сараланған немесе жеке тапсырмалар әзірлей алады. Қажет болса, тапсырмалардың көлемі, нысаны, орындалу тәсілі мен уақыты баланың қажеттілігіне қарай бейімделеді», – деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, енгізіліп отырған өзгерістердің негізгі мәні – бағалауды білім алушының функционалдық сауаттылығын дамыту міндеттерімен сабақтастыру. Бастауыш кезеңде қалыптасатын математика, жаратылыстану, цифрлық сауаттылық баланың кейінгі білім алуына негіз болады. Халықаралық зерттеулерде де дәл осы осы қабілеттерге басымдық беріледі. Сол себепті бастауыш мектеп оқушыларының бойында негізгі құзіреттерді қалыптастырып, сапалы білім мен қажетті дағдыларды меңгеруіне, келесі білім беру деңгейінде оқуды табысты жалғастыруға және функционалдық сауаттылықты одан әрі дамытуына негіз қалайды.