​Көлік бағасы ТАҒЫ АРЗАНДАЙ МА? Қазақстан нарығындағы қазіргі жағдай

0
390

2026 жылы отандық автокөлік нарығында бағаның төмендеуі байқалды.


​Көлік бағасы ТАҒЫ АРЗАНДАЙ МА? Қазақстан нарығындағы қазіргі жағдай

фото: lada.kz

Қазақстанда жаңа автомобильдердің бағасы төмендеп жатыр. Алайда нарықтағы барлық көлік бірдей арзандаған жоқ. Бағаның төмендеуіне дилерлер арасындағы бәсекенің күшеюі ықпал етсе, салық, утильалым және импорт шығындары керісінше автомобиль құнының өсуіне әсер етуде. Сонда көлік алуды жоспарлаған қазақстандықтарға күте тұрған дұрыс па, әлде қолайлы ұсынысты пайдаланып қалған жөн бе? Бүгін осы сауалға жауап іздейміз.


ЖАҢА КӨЛІКТЕРДІҢ БАҒАСЫ

2026 жылы отандық автокөлік нарығында бағаның төмендеуі байқалды. Кейбір айларда автомобильдер бағасы 1%-ға арзандаса, жалпы жыл басынан бері 12,2%-ға төмендеген. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда құрастырылған жаңа автомобильдердің бағасы бір жыл ішінде 16,9%-ға түскен екен. Бұл көрсеткіш нарықтағы бәсекенің күшейгенін көрсетеді. Оның үстіне соңғы жылдары Қазақстанда автомобиль маркаларының саны көбейіп, тұтынушылардың таңдауы артты. Әсіресе қытайлық брендтердің нарықтағы үлесінің өсуі дәстүрлі маркаларға «қысым» жасап келеді. Нәтижесінде дилерлер сатып алушыны тарту үшін түрлі акциялар мен жеңілдіктер ұсынуға мәжбүр болуда.


ДИЛЕРЛЕР НЕГЕ ЖИІ ЖЕҢІЛДІК ҰСЫНЫП ЖАТЫР?

Нарықтағы негізгі себептердің бірі — автомобиль ұсынысының артуы. Дилерлердің қоймаларында сатылмай қалған көліктер көбейген жағдайда олар автомобильдерді ұзақ ұстап тұруға қорқады. Сондықтан өткен жылы өндірілген автомобильдерге жеңілдіктер ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда автомобильдің бастапқы бағасы өзгермейді, тек сатып алушы үшін нақты төленетін сома айтарлықтай төмендеуі ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда нарықтағы бәсекелестік бұрынғыдан жоғары. Сатып алушы бір модель қымбат болған жағдайда басқа брендтің көлігіне ауыса кетеді.


БАҒАНЫҢ АРЗАНДАЙ ТҮСУІНЕ НЕ КЕДЕРГІ?

Автомобиль нарығында арзандау үрдісі тоқтаған жоқ, бірақ бағасының шексіз төмендей беруі екіталай. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Импортқа қолданылатын қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып өзгерді. Екіншіден, автомобильдің бастапқы бағасына утильалым мен логистикалық шығындар да әсер етеді. Үшіншіден, Қазақстандағы инфляция мен валюта бағамының өзгеруі импорттық автомобильдердің өзіндік құнына тікелей ықпал етеді. Яғни қазіргі нарықта бағаны төмендететін және керісінше қымбаттататын бірнеше фактор қатар жұмыс істеп тұр.


ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰРАСТЫРЫЛАТЫН КӨЛІКТЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

Нарықтағы назар аударарлық тенденциялардың бірі — отандық автомобильдердің бағасының төмендеуі. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылы Қазақстанда құрастырылған жаңа автомобильдер бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,9%-ға арзандаған. Отандық өндіріс көлемінің артуы мен модельдер санының көбеюі де нарықтағы бәсекені күшейтіп, баға саясатына әсер етуі мүмкін. Бұл әсіресе Қазақстанда кең таралған танымал модельдер арасында байқалуы ықтимал.


КӨЛІКТІ ҚАЗІР АЛҒАН ДҰРЫС ПА, ӘЛДЕ КҮТКЕН ЖӨН БЕ?

Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Өйткені автомобиль бағасы брендке, модельге, шығарылған жылына және дилердегі нақты ұсынысқа байланысты өзгереді. Егер сатып алушы нақты бір модельді таңдаған болса және дилер айтарлықтай жеңілдік ұсынып отырса, тағы бірнеше ай күту тиімді болмауы мүмкін. Мәселен, қоймада қалған өткен жылғы автомобильге берілген бүгінгі жеңілдік ертеңгі күні өзгеріп кетуі ғажап емес. Автомобиль нарығын мониторингтеу және талдау агенттігінің мәліметіне сүйенсек, дилерлердің көпшілігі қазірдің өзінде өз экономикасының шегінде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жаңа көліктердің бағасы бұдан әрі айтарлықтай төмендейді деп аута алмаймыз.


САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Қазіргі нарықтағы негізгі тенденция — автомобиль бағасының жаппай әрі күрт құлдырауы емес, жекелеген модельдерге қатысты жеңілдіктердің көбеюі. Яғни сатып алушы үшін ең тиімді тәсіл — бүкіл нарықтың арзандауын күтпей, өзі таңдаған бірнеше модельдің бағасын салыстыру. Мысалы, бір автомобильдің бағасы бірнеше ай ішінде өзгермегенімен, оған берілетін дилерлік жеңілдік артуы мүмкін. Сондықтан ресми баға мен нақты сату бағасын бөлек қарастырған жөн.


КӨЛІК АЛАТЫНДАР НЕГЕ НАЗАР АУДАРУЫ КЕРЕК?

Мамандар автомобиль сатып аларда оның бағасына ғана емес, толық шығынға назар аударуға кеңес береді. Сатып алушы автомобильдің шығарылған жылын, дилер ұсынатын жеңілдіктің нақты мөлшерін, несие бойынша артық төлемді, сақтандыру құнын, техникалық қызмет көрсету шығындарын, қосалқы бөлшектердің бағасын, көліктің кейінгі қайта сату мүмкіндігін ескергені жөн. Арзан көлік кейін техникалық қызмет көрсетуге көп шығын талап етсе, бастапқы жеңілдіктің пайдасы азаюы ықтимал.


КӨЛІК БАҒАСЫ ҚАШАН АРЗАНДАУЫ МҮМКІН?

Қазіргі деректерге сүйенсек, 2026 жылы автомобиль бағасы тағы төмендейді, бірақ нарықта тағы да жаппай арзандау болады деп нақты айтуға негіз жоқ. Бағаның төмендеу ықтималдығы бәсекесі жоғары модельдерде, қоймада ұзақ тұрған автомобильдерде және жаңа модельдер нарыққа шыққан кезеңде жоғары болуы мүмкін. Ал импортқа байланысты салықтар, утильалым, валюта бағамы және инфляция автомобильдердің бағасын қайта көтеруі ықтимал. Сондықтан көлік сатып алуды жоспарлаған адам нарықтағы нақты ұсыныстарды салыстырып, тиімді жеңілдікті пайдаланғаны жөн.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:

Көлікке байқамай ЗИЯН ТИГІЗІП жүрген жоқсыз ба? Жүргізушілер жиі жіберетін қателіктерді біле жүріңіз

Автомобильдегі экрандар НЕ СЕБЕПТІ үлкейіп барады?

Бөлісу