"Басынан ойыншықпен ұрған": Павлодарда балабақша тәрбиешісінің балаларды ұрып-соққан сәті видеоға түсіп қалған

0
487

Ата-аналар кейінгі кезде балаларының үрейленіп, кейбірінің балабақшаға барудан бас тартқанын айтты.


ERNUR.KZ. Павлодарда балабақша тәрбиешісінің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасаған сәті видеоға түсіп қалған, деп жазады stan.kz.

Балалардың ата-аналарының айтуынша, видеода мұғалімнің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасағаны, бір қызды себепсіз арқасынан, бір баланы желкесінен итеріп, тағы бір баланың басынан ойыншықпен ұрғанын көруге болады. Сонымен қатар әйелдің балаларға ұрсып жатқаны анық байқалады.

Ата-аналар кейінгі кезде балаларының үрейленіп, кейбірінің балабақшаға барудан бас тартқанын айтты.

"1 шілдеде Павлодар қаласындағы балабақшаның ортаңғы тобының ата-аналары бейнебақылау камераларын қарауды өтініп, басшының міндетін атқарушыға жүгінді. 2024 жылғы 26-27 маусымдағы күндізгі жазбаларды қарау кезінде мұғалімнің дөрекі қарым-қатынас фактісі тіркелді. Қазір мұғалім жұмыстан босатылды", – деді Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдралин.

Сондай-ақ білім бөлімі бұл оқиға туралы ата-аналардың шағымынан кейін ғана білгенін қосты.

"Балабақша директоры демалыста. Білім бөліміне дер кезінде хабар бермегені үшін барлық материал құқық қорғау органдарына беріледі", — деді Қыдралин.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодардағы балабақшада психоневрологиялық есепте тұрған әйел жұмыс істегені туралы жазған едік.