Батысқазақстандықтар Ұлттық жобаның игілігін көріп келеді

0
242

Азаматтардың өмір сүру ортасы жақсара түспек.


Батысқазақстандықтар Ұлттық жобаның игілігін көріп келеді

Естеріңізде болса, біршама уақыт бұрын еліміздің аймақтарын дамыту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарына тоқталмақпыз.


Медициналық тіректі жақсарту қолға алынды

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бір ауысымда 250 азаматты қабылдауға қабілетті емхана, кардиологиялық орталық корпусын, елдімекендерде 42 модульдік медициналық нысан, 74 жаңа мектеп, 150 орынға лайықталған мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Одан бөлек, кешенді жоспар шеңберінде 4 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім көлемін 30 пайызға арттыру, 38 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, осы жұмыстар арқылы тұрғындардың көптеген әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуді көздеп отыр. Демек, өңір тұрғындарының әл-ауқаты артса, облыстың ғана емес, еліміздің әлеуметтік және экономикалықсаласының өркендеуіне септігін тигізбек.

Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру арқылы батыс өңіріне 2025 жылға дейін 13 трлн. Теңге инвестиция тартылып, 175 мыңға жуық тұрғын жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Сонымен бірге, 33 медициналық нысандардың құрылысын жүргізу жоспарланған. Олардың алтауы – дәрігерлік амбулатория болса, 16-сы медициналық және 11-і фельдшерлік-акушерлік пунктер. Осыған орай облыстық бюджет есебінен 6 дәрігерлік амбулатория нысандары бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр (Бәйтерек ауданының Асан ауылы, Бөрлі ауданының Аралтал ауылы, Сырым ауданының Бұлдырты ауылы, Жаңақала ауданының Маштексай ауылы, Казталов ауданының Бостандық ауылы, Теректі ауданының Сарыөмір ауылы).


Инвестициялық жобалар халықтың тұрмысын жақсартады


Жуырда БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен Батыс Қазақстан облысына инвестицияларды тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңесінің отырысы өтіп, кеңес мүшелері аймақтың дамуына ықпал ететін төрт түрлі жобаны талқыға салған. Олардың екеуі мектеп болса, бірі құрғақ құрылыс қоспасы зауыты және медициналық қалдықтармен жұмыс істеуге арналған жоба бар. Нәтижесінде өңірлік комиссия жалпы құны 2,9 млрд. теңгені құрайтын төрт жобаны да мақұлдады.

Осы орайда өңірде салынатын екі мектепке тоқталсақ. Білім ұясының бірі Орал қаласы, Жеңіс шағын ауданында салынатын болды. 700 орынға лайықталған орта білім беретін мектеп замануи базамен жабдықталады. Қаладағы басқа мектептерден айырмашылығы – толық бақылау қызметі болады, яғни қауіпсіздік күшейтіледі. Оған қоса, мектеп ауласы толық қоршалып, мысық, ит және басқа жануарлар кіре алмайтындай жағдай жасалмақ. Ал, екінші мектеп-интернаты Сырым ауданы, Жымпиты ауылында салынатын болады. «Бұл мектептер жеке мектеп болса да әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін болады. Таза комерциялық мақсатты көздемейді. Әсіресе Жымпиты ауданы орталығында тұрғызылатын мектеп ауыл балаларына сапалы білім беру үшін ауадай қажет. Әрі ауыл адамдарын жұмыспен қамтиды. Ол үшін Сырым аудандық әкімдігі осы жобаға қолдау көрсетіп жермен қамтамассыз етуі тиіс», дейді мектеп құрылысына қатысты пікір білдірген облыс басшысы.


Енді кеңесте мақұлданған құрғақ құрылыс қоспасы зауыты мен медициналық қалдықтармен жұмыс істеуге арналған жобаға кезек берсек. Аймақ басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан облысы таза аймаққа жататындықтан, өңір экология үшін тиімді мұндай жобаларды әрқашан қолдайды. Тиісінше, медициналық қалдықтарды тиімді пайдалану болсын, құрылыс заттары болсын, барлығы тұрғындар мен қоршаған ортаға зиян тигізбейтіндей жұмыс істеуі керек. Айта кетсек, кеңесте мақұлданған төрт жобаны іске асыру арқылы өңірдегі 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.


Біраз уақыт бұрын, Батыс Қазақстан облысның тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесі талқыланған. Сол жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев ауызсуды субсидиялау барысы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, облыста 9 топтық және 110 жергілікті су құбырлары бойынша субсидия төленеді. Жыл сайын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 1,241 млрд. теңге бөлінеді. Облыстағы елді мекендерді ауызсумен жабдықтау тарифі 130-811 теңге шамасында. Ал, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халеловтың айтуынша, 2004-2021 жылдар аралығында өңірдегі 350 елдімекен, 2 жаңа кен орыны мен 20 кен орнының жер асты су қоры барланып, қайта бағаланған. Нәтижесінде елді мекендерді шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға мүмкіндік жасалуда. Бұл мақсатта жалпы 3,5 млрд. теңге жұмсалған. Өз кезегінде өңір басшысы елдімекендерді ауызсумен қамту бойынша кейбір жұмыс бағыты туралы толыққанды ақпарат жинақтау керектігін тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесін жедел шешу үшін нақты іс-шаралар жоспарын жасауды жүктеді.

Жалпы, аталған жұмыстар жүзеге асырылса, өңір тұрғындары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның игілігін көріп, азаматтардың өмір сүру ортасы жақсара түспек.


Атап өтсек, 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған.


«Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.

ERNUR.KZ

Бөлісу