Баянауылдағы туристік орындарда қарақұрт қаптап кетті

0
504

Мекеменің ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақованың айтуынша, қарақұрт ұлттық парк аумағында былтырдан бері байқалған.


Баянауылдағы туристік орындарда қарақұрт қаптап кетті

ERNUR.KZ. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары қауіпті жәндіктің дернәсілдерін қолмен жинап жатыр. Биылғы маусым басынан бері қарақұрттың 245 аналығы жойылған, деп жазады inform.kz.

Биылғы мамыр айында парк қызметкерлері Торайғыр көлінің маңындағы тастақ жерлерден қарақұрт жұмыртқаларын тапқанын, демек жаз маусымында қауіпті жәндіктің қайта шығу ықтималдығы бар екені туралы хабарлағанбыз.

Мекеменің ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақованың айтуынша, қарақұрт ұлттық парк аумағында былтырдан бері байқалған. Әсіресе Торайғыр көлінің маңында көбейіп кеткен.

«Ұлттық парк аумағы айрықша қорғалатын жер болғандықтан мұнда химиялық өңдеуге тыйым салынған. Мамандарымыз қарақұрттың жұмыртқаларын іздеп тауып, бірден жойып отырады. Аналықтарын сол жерде жаншып, өртеп құртамыз. Мамыр айынан бері 245 қарақұртты жойдық», - дейді ол.

Орман инспекторлары көрікті өлкеге келіп жатқан туристерге сақ болуды ескертіп отыр. Дейтұрғанмен биыл адамдарды қарақұрт шаққаны жайлы дерек тіркеле қойған жоқ.

Еске сала кетейік, Атырау облысында қарақұрт шаққан 485 түйенің тоқсаны өлген.