Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлар 21 мен 28 наурыз аралығында толығымен қызметін тоқтатады.
ERNUR.KZ. Алматыда коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы-бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Соңғы тәулікте мегаполисте 437 адамнан коронавирус анықталды. Осыған байланысты сән салондарына тек шаш қиюға ғана рұқсат. Басқа қызметтерге тыйым салынады. Сауда орталықтары мен сауда үйлері 20 наурыздан 28 наурызға дейін жабық болады. Қоғамдық тамақтану орындарына тамақты тапсырыспен жеткізіп беруге рұқсат етіледі»,- дейді ол.
Спорттық кешендер де жұмыс істемейді.
«Медеу» мен «Шымбұлақ» шаңғы курортында жаппай сырғанауға тыйым салынады. Келушілер саны 50% (1000 адамға дейін) азайтылуы керек. «Шымбұлақ» тау курортындағы қоғамдық тамақтану объектілеріне сағат 7:00-ден 21:00-ге дейін, тек жазғы алаңдардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі»,- дейді Жандарбек Бекшин.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпочта» АҚ бөлімшелері алдын ала жазылу бойынша таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Көңіл көтеру мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік және түнгі клубтар мен ойын клубтары, боулинг орталықтары, балалар спорты мен ойын алаңдары, аттракциондар, батуттар және букмекерлік кеңселер мен лотореялық клубтардың) қызметіне тыйым салынады», - деп атап өтті спикер.