Бекшин вакцина құжатын сатып алғандарға қатысты пікірін өзгертті

0
627

Бұған дейін Жандарбек Бекшин мұндай азаматтар вакцинаны өз ақшасына салдыруы қажет екенін айтқан болатын.


Бекшин вакцина құжатын сатып алғандарға қатысты пікірін өзгертті

ERNUR.KZ. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин вакцина құжатын сатып алғандарға коронавирусқа қарсы вакцина салу туралы ойын айтты, деп жазады sputnik.kz.

Оның сөзінше, құжатты сатып алғандар енді вакцина салдыра алады.

"Біз қателік жасаған азаматтарды қудаламаймыз. Азамат вакцина салдыратын мекемеге барып бұған дейін құжат сатып алғанын айтып, қайта вакцина салдыруы қажет. Бастысы, олар қателескенін түсінуі керек. Вакцина барлығы үшін тегін. Оларды жазалауды мақсат етпейміз. Не себепті вакцина құжатын сатып алғанын түсіндіруі қажет", - деді Жандарбек Бекшин.

Ал дәрігерлер бұған дейін вакцинаны кімнен сатып алғанын сұрамайды.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиеваның айтуынша, дәрігерлер барлық тұрғынның коронавирусқа қарсы вакцина салдыруын қолдайды.

"Біз вакцинация паспортын қанша азамат сатып алғанын білмейміз. Дәрігер ретінде олардың вакцина салдырғанын қалаймыз. Рақымшылық жасау идеясын қолдаймыз. Ондай науқасты емдегеннен гөрі, вакцина салған дұрыс", - дейді ол.

Айта кетері, бұған дейін Жандарбек Бекшин мұндай азаматтар вакцинаны өз ақшасына салдыруы қажет екенін айтты.

"Вакцина алмай, құжатын жасатқан адамдар вакцина салдырғысы келсе, өз қалтасынан төлеуін қолдаймын. Себебі кезінде вакцинаны пайдаланбай, үкіметке де, қоғамға да зиян әкелді. Көп жағдайда ол вакцинаны төгіп отырған", - деген еді Бекшин.

Денсаулық сақтау министрлігі не деді

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Sputnik жолдаған ресми сауалға берген жауабына сәйкес, жалған құжат жасатқан азамат екпе алу үшін вакциналау құжатын тіркеген медициналық мекемеге еркін түрде жазбаша нұсқада өтініш жазады.

Өтініш жазған кезде вакцина салдырғаны туралы ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйесінің "Вакцинация" модулінен алып тастауын сұрайды.

Жалған вакциналау туралы жазба жойылғаннан кейін азамат медициналық мекемеде коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алады.

Ал мұндай азаматтар үшін вакцина ақылы немесе тегін бола ма деген сұраққа комитет қазір вакциналау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде жүргізіліп жатыр деп жауап берді.

Медицина ұйымдары вакцина құжатын қолдан жасау бойынша тіркелген фактілерді құқық қорғау органдарына хабарлауға тиіс. Оларға қатысты тиісті шара қабылданады.

Қазақстанның қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігіне сәйкес көрінеу жалған құжатты пайдалану бойынша 160 АЕК (466 720 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған.