​Бердібек Сапарбаев: Елбасының еңбегін лайықты бағалау керек

0
1 322

Қиын кезеңде, яғни 90-шы жылдары жаңа астананы құру туралы шешім қабылдау, мұндай зор жауапкершілік алу əркімнің қолынан келе бермейді.


​Бердібек Сапарбаев: Елбасының еңбегін лайықты бағалау керек

ERNUR.KZ. Жаңа елорданы құру кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне үлкен жауапкершілікті алды. Бұл туралы елордада Наурыз мерекелеу кезінде ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат .

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында тиісті шешім қабылданғанына тоқталған министр, «Жалпы, бұл бастаманы дұрыс деп ойлаймын. Елбасының ерен еңбегі бар. Қаланы елорда еткен, дүниежүзіне танытқан адам - ол Нұрсұлтан Назарбаев. Сіздер білесіздер, Астанада өмірі болмаған саммиттер өтуде. Өмірі кездеспеген мемлекет басшылары Қазақстанға келіп, өзара татуласып жатқанын көріп жүрміз. Ең негізгісі, осы Астана арқылы Қазақстан, оның ішінде қазақ халқы бүкіл әлемге мәлім болды. Қазір енді елордамыз əлемдегі ең əдемі әрі сұлу қалалардың бірі», - деді.

Осы орайда қиын кезеңде, яғни 90-шы жылдары жаңа астананы құру туралы шешім қабылдау, мұндай зор жауапкершілік алу əркімнің қолынан келе бермейтінін атап өтті. «Ол үшін үлкен жүректілік пен табандылық, сенімділік болу керек. Соның дәлелі ретінде жаңа елодамыздың жасы қазір 20 жылдан асты. Сондықтан бұл дұрыс шешім, өйткені ол болашақ үшін керек. Жастар өз Отанын, ұлтын, мемлекетін сүйіп өсуі керек жəне елге еңбек еткен адамдарды да еш уақытта ұмытпауымыз қажет.

«Тарихсыз болашақ болмайды» деп айтамыз ғой, осы орайда 20 наурыз күні маңызды шешім қабылданды деп ойлаймын», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс жасаған болатын. Парламент Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы құжатты қабылдады.