Бетінен шапалақпен ұрған: Маңғыстаулық бапкерге қыздың анасы кешірім берді

0
1 791

Қыздың анасы бірнеше себептермен полицияға шағым түсіруден бас тартты.


Бетінен шапалақпен ұрған: Маңғыстаулық бапкерге қыздың анасы кешірім берді

ERNUR.KZ. Жарыс кезінде бапкері бетінен ұрған қыздың анасы Аэлита Илалова жаттықтырушыны кешіргенін айтты, деп жазады Stan.kz.

Спортшы қыздың анасы бірнеше себептермен полицияға шағым түсіруден бас тартты.


"Мен полицияға арыз жазудан бас тарттым, өйткені, біріншіден, баламды соттан сотқа сүйрегенін қаламаймын. Екінші себеп, біз жаттықтырушыны кешіруді жөн көрдік. Ол анасымен бірге бізден кешірім сұрады. Бұл адамның балалары бар, оның отбасы бар. Біз оның тағдырын бұзғымыз келмейді. Жаттықтырушы жұмыстан шығарылды. Мен қызыммен сөйлестім. Қызым жаттықтырушысына ренжімейді", - деді Аэлита Илалова.


Аэлита Илалова оқиғаға түсініктеме бере отырып, жаттықтырушы Азамат Тұрмағамбетовтің жағымды қасиеттерін атап өтті.


"Кейбір адамдар ақша төлеп, кешірім берді деп ойлауы мүмкін. Бірақ олай емес. Жаңаөзенде спорт залдарына жақсы жаттықтырушылар өте аз. Азамат жарыстарға арналған ғимараттар іздеп, балаларымыздың армандарына қанат бітіріп жатыр. Бірақ осы оқиғадан кейін жаттықтырушының абыройына нұқсан келді", - дейді қыздың анасы.


Жаңаөзен қаласы білім бөлімінің бастығы Ысқақ Құлатай Азамат Тұрмағамбетовтің тәртіптік комиссияның қорытындысынан кейін мектеп директорының бұйрығымен жұмыстан шығарылғанын айтты. Ысқақ Құлатайдың айтуынша, ата-анасы полицияға арыз жазудан бас тартқандықтан, бапкер балалармен жұмысты жалғастыра алады.


"Біздің оған жұмыс орнын таңдауға шектеу қоюға құқығымыз жоқ. Бұл мәселе тек соттың құзыретіне жатады. Біз педагогикалық этиканы бұзу фактісі бойынша ғана жұмыстан шығара аламыз", - деді Ысқақ Құлатай.