"Билік халықпен санассын": Алматыда әртістер шеруге шыққандарға қолдау білдірді

0
1 018

Жиында түсірілген видеолар Instagram-да жарияланды.


ERNUR.KZ Өнер адамдары халықпен бірге! Дәл осындай желеумен Алматыда шоу-бизнес өкілдері шеруге шықпақ. Күні кеше Нұрлан Албан, Жеңіс Ысқақова, Ақбота Керімбекова, Абай Бегей, Рүстем Жаныаманов бастаған бір топ әншілер мен актерлер Алматыдағы Әуезов театрының алдында жиналды. Олар митингіге шыққан Маңғыстау жұртына қолдау білдірді. "Билік халықпен санассын" деген желеумен плакаттар алып шықты, деп жазады Stan.kz.

Жиында түсірілген видеолар Instagram-да жарияланды. Онда әнші Нұрлан Албан халықтың өкпесі орынды екенін айтқан. Ол елдің шыдамы шегіне жеткенін меңзеген.

"Үлкендер вакцинаны алды. Ал енді балаларға тиісу, вакцина салуға әр ата-ана қарсы. Азық-түліктің қымбаттауы... Ел аман, жұрт тынышта қарапайым халықтың Kaspi Red-ке азық-түлік алуы өмірдің соңғы жасауы деп білемін. Бұл жерде мен ғана көсемсіп сөйлеп тұрған жоқпын. Әрбір өнер адамының айтары, біз халықпен біргеміз. Халықпен санассын, халықтың мұң-мұқтажын тыңдасын. Өйткені халық мемлекетті жасаушы", - деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ, Жеңіс Ысқақова әр қазақстандық мұң-мұқтажын билікке жеткізуге құқылы екенін атап өтті. Ол шеруге шыққандарды "үкіметке қарсы бүлік шығарушылар" деп ойлаудан аулақ болуға шақырды.

Ал әнші Индира Расылхан бүгін, 5 қаңтар күні Әуезов театрының алдында ел болып жиналуға шақырды.

"Қымбатшылықты тоқтатсын, жалақыны көтерсін, пенсияға шығу жасын қайта қарастырсын, көпбалалы ата-аналарға арнайы жағдай жасалсын, өнердегі жүрген жандарды астарлап БАҚ өкілдері арқылы жексұрын еткендерін доғарсын.

Халық бір- біріне көмек беріп жатыр. Өнер адамдары мен блогерлар халықтан көмек сұрай отыра, тұрмысы төмен отбасыларға шамалары келгенше үй беріп жатыр. Өнер адамдары да халық сияқты өмір сүруде. Өз тапқандарынан артылып жатқаны шамалы. Біздің де айтарымыз бар.Елмен бірге біздің де ашынып жүргенімізді бір- бірімізге ғана айтамыз да қоямыз. Халықтың бізге шабатындай етіп қойған саяси стратегиялардың бірі.

Арамызды ажыратып жатқанын көрсек те үндемей ғана жұттық. Әрбір айтылған ауыр сөзді көтеру бізге оңай соқпады. Қит етсе әншілер кінәлі болатындай жағдайға жеттік. Біздің де айтарымыз бар!" - деді Индира Расылхан.