«Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жасақталады - министр

0
1 497

Басты мақсат – педагогтер бойында тұлғалық, кәсібилік, басқарушылық, сараптамалық дағдылар мен құзыреттерді дамыту.


«Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жасақталады - министр

ERNUR.KZ. «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жасақталады, деп жазады inform.kz.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі жұмыс сапарымен Абай облысына барғанда айтты.

Ғани Бейсембаев Аягөз, Үржар және Жарма аудандарының педагогтерімен кездесулер өткізді. Онда әсіресе, сапалы білім беру мен кәсіби дамуды қамтамасыз етудің негізгі бағыттарына және ҰБТ (ұлттық біліктілік тест) өткізу ережелеріндегі өзгерістерге баса назар аударды.

«Министрлік «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Басты мақсат – педагогтер бойында тұлғалық, кәсібилік, басқарушылық, сараптамалық дағдылар мен құзыреттерді дамыту. Бағдарламаға психологиялық тестілеу енгізіліп отыр, ол жас педагогтердің, болашақ көшбасшылардың тұлғалық түрін, табыстылығын анықтауға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді министр.

Бұған дейін VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы педагогтер үшін ҰБТ ережесін оңайлатуды ұсынған болатын. Қазіргі таңда министрлік мұғалімдерді аттестациялау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. «Оқыту әдісі» бағыты мен портфолио қалыптастыру процесі қайта қаралатын болады.

Айта кетейік, бүгінде Абай облысында 12 мыңнан астам педагог қызмет етеді, оның ішінде 2000-нан астам педагог-зерттеуші, 95 педагог-шебер бар.