Пирамидаға қатысушылар жаңа қатысушыларды шақырумен айналысқан
фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Астанада "LIVEGOOD" қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдікті әуежайдан ұсталды, деп жазады sputnik.kz.
"Ол 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта биологиялық белсенді қоспаларды сатумен айналысатын желілік маркетингтің атын жамылған "LIVEGOOD" қаржылық пирамидасын басқарған", - дейді ведомстводағылар.
Пирамидаға қатысушылар жаңа қатысушыларды шақырумен айналысқан.
"Осылайша, қаржылық пирамиданың негізгі табысын белсенді қоспа сату емес, жаңа салымшылардың жарналары құраған. Уәдеге сенген 6 мыңнан астам азамат айына 2 000 АҚШ долларына дейін бонус алуға үміт артып, "LIVEGOOD" компаниясынан ай сайынғы төлемі бар 50 АҚШ долларына жазылым сатып алған", - дейді агенттік өкілдері.
Заңсыз жолмен алынған қаражатқа күдікті құны 60 миллион теңгеден асатын автотұрағы бар екі пәтер сатып алған. Оларды заңды жолмен тапқан табысымен үйлестіріп тәркілеуден жасыру мақсатында өз атына және сенімді тұлғаларға рәсімдеген.
"Сонымен қатар тергеу барысында "Binance" биржасында 0,28 BTC криптоактивтері бар екені анықталды, бұл 28 мың АҚШ долларына тең. Соттың санкциясымен жылжымайтын мүлік пен криптоактивтерге, автокөлікке, сондай-ақ тінту кезінде тәркіленген 19 миллион теңге және 4 мың АҚШ долларына тыйым салынды", - деп жазылған қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.
7 ақпанда күдікті Астана қаласындағы әуежайда шекараны кесіп өтіп, Түркияға ұшқалы тұрған кезде ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.