“Бір күндік табыс үшін“: Алматы облысында жігіттің өлімі тергеліп жатыр

0
63

Тәртіп сақшылары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.


“Бір күндік табыс үшін“: Алматы облысында жігіттің өлімі тергеліп жатыр

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы жігіттің өлімі туралы ақпарат тарап жатыр. Полиция бұл хабарламаларға қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Мән-жайы

Қайғылы оқиға туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Жазба авторының айтуынша, 11 мамырда оның інісін бірге кәсіп ашқан досы соққыға жығып, өлтірген. Жанжал бір күндік табысқа байланысты туындаған көрінеді.

"Олар бірге кәуәпхана ашқан болатын, інім сол күннің табысын бөлуге тиіс еді, бірақ оны жұмсап жіберген. Сол үшін досы оны 3,5 литр қан жоғалтқанша аяусыз ұрған. Сондай-ақ, басынан доғал затпен соққы жасаған. Өлермен халге жеткізген соң, жедел жәрдем шақырудың орнына, оны алдымен өз үйіне апарып, жуындырып, киімін ауыстырған, содан кейін ғана жедел жәрдемге хабарласқан", – деп жазды туысы.

Жақындарының айтуынша, жігіт жансақтау бөліміне бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Дәрігерлер марқұмның көкбауыры істен шыққанын хабарлаған. Сонымен қатар, қаза тапқан жігіттің туыстары оқиға орнында тағы бір адам болуы мүмкін екенін айтады.

Полиция не дейді?

Алматы облыстық полиция департаменті адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары соталды тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.

"Жиналған материалдарға сәйкес, ер адамның денсаулығы кенет нашарлап, жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілген, кейін сол жерде қайтыс болған. Полиция қызметкерлері маңайдағы мекемелердің бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, оқиға куәгерлері мен оқиға орнына келген медицина қызметкерлерінен жауап алды", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция қазір тергеу тарапынан марқұмның туыстары айтқан уәждер тексеріліп жатқанын атап өтті. Тергеу барысы облыстық департамент басшылығының бақылауында. Полицияның мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.