Бірнеше несиесі бар қазақстандықтарға берешекті өтеу жеңілдетіледі

0
104

Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, қарыз алушылардың өтініштерін қарау тәртібін өзгереді.


Бірнеше несиесі бар қазақстандықтарға берешекті өтеу жеңілдетіледі

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Қазақстанда борышкерлердің кредиторлармен келісімге келуі жеңілдейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің, МҚҰ және сақтандыру компанияларының басын қосатын берешекті реттеудің бірыңғай орталығын құрады, деп жазады tengrinews.kz.

"Адамдардың жағдайы ескеріледі"

ӨКҚ-да өткен брифингте ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев 27 шілдеде ведомствоның қаржы омбудсмені жұмысының жаңа ережелерін бекіткенін мәлімдеді.

Олар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, қарыз алушылардың өтініштерін қарау тәртібін өзгертеді.

"Қаржы омбудсмені қызметі банк, микроқаржы және сақтандыру секторларының құзыретін біріктіреді. Бұл қаржы нарығының түрлі қатысушыларының сараптамасын жасауға және азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылап, шешу үшін тиімді диалог алаңын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді спикер.

Александр Терентьевтің айтуынша, қаржы омбудсмені жанынан қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен алаң құрылады. Онда проблемалық берешектер бойынша шешімдер бірлесе ізделеді. Агенттік мұндай формат қарыз алушылардың тек қаржылық көрсеткіштерін ғана емес, сонымен қатар өмірлік жағдайларын да ескеруге мүмкіндік береді деп есептейді.

Бірыңғай платформа

Брифингте 1 шілдеден бастап Қазақстанда берешекті реттеудің finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылғаны атап өтілді. Ол борышкерлерге "бір терезе" қағидаты бойынша бірден бірнеше кредитормен келісімге келуге мүмкіндік береді.

Александр Терентьевтің сөзінше, қарыз алушы платформада тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Осыдан кейін жүйе оның деректерін кредит бюролары арқылы автоматты түрде тексереді. Егер адам бағдарлама шарттарына сәйкес келсе, кредиторлар қарыз көлемін растайды, ал қарыз алушыға қол қою үшін құжаттар, соның ішінде бірыңғай өтеу кестесі жіберіледі.

Бағдарламаға келесі талаптарға сай қарыз алушылар қатыса алады:

  • 90 күннен астам мерзімі өткен кепілсіз тұтынушылық кредиттері барлар;
  • екі немесе одан да көп кредитор алдында берешегі барлар;
  • жалпы қарызы 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін (2026 жылы 648 мыңнан 6,9 миллион теңгеге дейін) болатындар;
  • сот шешімдері, нотариустың атқарушылық жазбалары және атқарушылық іс жүргізулері жоқтар.
"Құжаттарға қол қоюға 72 сағат беріледі. Оларға қол қойылғаннан кейін кредиторлар берешекті өндіріп алу шараларын тоқтатады, ал қарыз алушы бірыңғай кесте бойынша қарызды өтей бастайды. Платформа енгізілген қаражатты кредиторлар арасында берешек көлеміне пропорционалды түрде автоматты түрде бөледі", – дейді спикер.

Егер қарыз алушы келісім шарттарын бұзып, 40 күннен астам мерзімін өткізіп алса, кредиторлар өндіріп алуды қайта бастай алады. Рәсімді екінші рет пайдалану мүмкін болмайды.

ҚНРДА өкілінің айтуынша, платформаның басты артықшылығы – ол әр кредитті бөлек емес, адамның жалпы борыштық жүктемесін бағалайды. Бірінші кезеңде бағдарлама шамамен 350 мыңға жуық проблемалық қарыз алушыны қамтуы мүмкін.

Ескерту. Сонымен қатар, платформа заңды және лауазымды тұлғаларға, қандастарға, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға кепілдік, кәсіпкерлік және алаяқтық кредиттерге, сондай-ақ медиативтік келісімдер немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық рәсімдері қолданылып жатқан берешектерге жүрмейді.

Сондай-ақ ҚНРДА өкілі әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін жеңілдікті шарттар қарастырылғанын хабарлады.

Анықтама. Мысалы, 5-тен 7 миллион теңгеге дейінгі қарыз бойынша стандартты төлем 60 айға айына 117 мың теңгеге дейін болса, әлеуметтік жағынан әлсіз қарыз алушы үшін 84 айға дейінгі мерзімге 84 мың теңгеге дейін болады.

ҚНРДА платформаны дамыту жалғасатынын мәлімдеді. Келесі кезеңде оған сот шешімдері шыққан қарыздар қосылады, ал кейін жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық механизмдері біріктіріледі.

"Айына 5-тен 10 мың теңгеге дейін төлейтін болады" - Алматыдағы пилоттық жоба

ҚНРДА өкілі Алматыда I және II топтағы мүгедектігі бар жандар үшін қарыздарды кешенді реттеу бойынша пилоттық жобаның іске қосылғаны туралы айтты.

Ведомство мәліметінше:

  • 105 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның қолданыстағы кредиттері бар;
  • олардың ішінде 26,3 мың қарыз алушы 48 миллиард теңге;
  • тек Алматының өзінде мүгедектігі бар 10 мыңға жуық адамның 8,6 миллиард теңге көлемінде берешегі бар.

Осыған байланысты ҚНРДА Алматы әкімдігімен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп, олардың қарыздарын кешенді реттеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

"Мамандар шешім қабылдау кезінде табыс көлемін, мүлікті, отбасы құрамын және әлеуметтік төлемдерді ескереді. Жағдайға байланысты қарыз алушының борыш жүктемесі төмендетіледі, төлем мерзімі кейінге шегеріледі немесе шама-шарқына қарай (айына 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін) төлем кестесі жасалады. Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаса, азаматқа банкроттық процедуралары түсіндіріледі", – деді Александр Терентьев.

Егер пилоттық жоба тиімділігін көрсетсе, агенттік оны Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізуді жоспарлап отыр.