Вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында суару маусымына дайындық өткен жылдың соңынан басталған болатын.
ERNUR.KZ. 2025 жылғы желтоқсан 2026 жылғы қаңтар айларында жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы ұйымдарының қатысуымен бірқатар кеңес өткізіліп, онда алдағы суару маусымының тәуекелдері қаралып, қажетті шаралар айқындалды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2024–2028 жылдарға арналған ылғалсүйгіш дақылдардың, оның ішінде күріштің егіс алқаптарын қысқартуды көздейтін Жол картасы бекітілді. Бұл туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, аталған Жол картасында айқындалған егіс алқаптарының құрылымына және маусым басындағы су шаруашылығы жағдайына сәйкес бес оңтүстік өңір бойынша су пайдалану лимиттері бекітілді: Қызылорда облысы – 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысы – 3,8 млрд текше метр, Алматы облысы – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысы – 1,8 млрд текше метр, Жамбыл облысы – 900 млн текше метр.
«Су шаруашылығы инфрақұрылымын дайындауға ерекше назар аударылды. Вегетация басталғанға дейін 1840 шақырымнан астам суару арналары тазартылып, 375 гидротехникалық құрылысжай жөнделді және 273 сорғы агрегаты дайындалды. Тағы бір маңызды қадам – су беру жөніндегі шарттарды электрондық форматта жасасуға көшу. Бүгінде өтінім беруден бастап нақты су тұтынуды есепке алуға дейінгі бүкіл процесс цифрлық форматта жүзеге асырылады, бұл су ресурстарының ашық бөлінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы 1,2 млн га алқапты суару үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланған», – деді спикер.
Қазіргі таңда республикалық, коммуналдық және жеке меншік су шаруашылығы ұйымдары тарапынан шаруалармен 36 мыңға жуық шарт жасалып, шамамен 1 млн га алқапты суару үшін 10,7 млрд текше метр су алу көзделген.
Сонымен қатар 500-ге жуық арнайы су пайдалануға рұқсаттар негізінде тікелей су көздерінен 200 мың га алқапты суару үшін 500 млн текше метр су алу көзделген.
Жедел ақпаратқа сәйкес, 20 шілдедегі жағдай бойынша нақты 7,8 млрд текше метр су алынып, шамамен 870 мың гектарға жуық егіс алқабы суарылды.


