Ақмола облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
ERNUR.KZ. Сонымен бірге Қазақстанның негізгі агроөнеркәсіптік және астықты аймағы ретінде айрықша орын алады. Егін жинау алқаптары 300 мың гектарға өсті, 5,5 млн гектарды құрады. Диқандардың жанқиярлық еңбегінің арқасында дәнді дақылдардың рекордтық өнімі жиналды – орташа өнімділік гектарынан 16,3 центнерді құрап 7,6 млн тонна астық жиналды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай деді.
Оның айтуынша, жиналған астықтың 70%-ы - жоғары сапалы өнім.
«Біздің жетістігіміз ішкі нарықпен шектелмейді. Ақмола астығы жоғары сапалы өнім ретінде жаңа халықаралық нарықтарды бағындыруда. Жыл басынан бері алыс және жақын шетелдерге 3,5 млн тоннадан астам астық экспортталды. Эстонияның Муга Грэйн терминалымен меморандумға қол қою нәтижесінде жалпы 209 мың тонна астықты Италияға, Бельгияға және Эстонияға экспорттауға мүмкіндік туды», – деді өңір басшысы.
Аймақта соңғы екі жылы жоғары рентабельді майлы дақылдар егісінің аумағы 2,5 есе ұлғайып, алғаш рет 500 мың гектарды құрады. Нәтижесінде, 600 мың тоннаға жуық майлы дақылдар жиналды, қосымша 100 млрд тг ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мүмкін болды.
Биыл агроөнеркәсіп кешенінің қажеттіліктеріне 250 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы арқылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есе артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында құны 62 млрд теңге болатын жаңадан 1 600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингпен сатып алынды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арзандатылған 172 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Өңірдегі мал шаруашылығы саласында да тұрақты оң динамика байқалады.
«Жалпы ауыл шаруашылығы жануарларының саны мен мал өнімдері өндірісінің көлемі артты. Біз 168,5 мың тонна ет, 205 мың тонна сүт, 574 млн дана жұмыртқа өндірдік. Сондай-ақ сүт-тауар фермаларын құру және кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда. Жалпы, 5 400 мал бас бар бес ірі ферма іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 1 200 малы бар екі сүт фермасы іске қосылады. Қазіргі уақытта 12 400 басқа арналған 8 сүт фермасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.
Елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар да жалғасып жатыр. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 86 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы Астана тұрғындарын азық-түлікпен қамту көлемін арттырады. Нәтижесінде сүтпен қамту үлесі 30%-дан 50%-ға дейін, етпен қамтамасыз ету 30%-дан 40%-ға дейін, жұмыртқамен қамту үлесі 80%-дан 100%-ға дейін артады.
Жыл қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі - 1,2 трлн теңгені құрайды деп күтілуде.


