Биыл ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадаға 125 мыңнан астам бала тіркелді

0
94

Дарынды балаларға білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы соңғы үш жыл көлемінде ғылыми зерттеумен айналысып, жүйелі мониторинг жүргізді.


Биыл ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадаға 125 мыңнан астам бала тіркелді

ERNUR.KZ. Аталған зерттеулерге 32 білім беру ұйымы қатысып, психологиялық тестілер мен әдістемелер үш кезеңдік апробациядан өтті. Нәтижесінде маңызды деректер жиналып, педагогтерге оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Бұл туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, мониторинг барысында оқушылардың дарындылық түрлері анықталды: жалпы зияткерлік (академиялық) дарындылық; ақпараттық-коммуникативтік дарындылық; шығармашылық дарындылық; әлеуметтік дарындылық; спорттық дарындылық. Әрбір бағыт бойынша арнайы ұсынымдар әзірленіп, білім беру моделіне енгізілді. Бұл ұсынымдар әр баланың өзінің білім беру траекториясын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

«2024-2025 оқу жылында 80-нен астам республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік іс-шара ұйымдастырылып, оларға еліміздің 1 млн 600 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты. Бұл жалпы оқушылар санының 40%-ын құрайды. Ерекше бастама – ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада. 2025 жылы бастапқы кезеңге 125 мыңнан астам бала тіркелді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысуы соңғы үш жылда он есе өсті», – деді спикер.

Білім алушылар мен мектептер арасында бәсекелестікті қалыптастыру, жетістіктерді бағалау және үздік тәжірибені тарату мақсатында елімізде олимпиадалық бағыттағы «100 үздік мектеп» рейтингі әзірленіп, жыл сайын жаңартылып отырады.

Инновациялық жобаларды табысты іске асыру – Қазақстан құрама командаларының ғылыми жетекшілерінің, жаттықтырушыларының, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың қазылар алқасы мүшелерінің кәсіби біліктілік деңгейінің арқасында жүзеге асырылатынын атап өту маңызды. Дарынды оқушыларды халықаралық зияткерлік олимпиадаларға дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасын қалыптастыру үшін жүйелі түрде оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Барлық жаттықтырушы сарапшылар кеңесінде қаралып, бекітіледі.

Оқу-жаттығу жиындары өңірлерде жылына кемінде 3 рет өткізілсе, ұлттық құраманың мүшелері үшін республикалық деңгейде тоғыз пәннен 4 жиын ұйымдастырылады. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында 300 олимпиадалық резерв кандидаты үшін 27 республикалық және 5 халықаралық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Нәтижесінде халықаралық олимпиадаларға 121 оқушы іріктелді.