Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің жоғары әлеуеті ретінде агроөнеркәсіптің маңызды салаларының бірі.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2021–2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі индикаторлары: 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін арттыру; ішкі тұтынуды жылына 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға дейін ұлғайту; балық ресурстарының табиғи популяциясын 7%-ға арттыру. Бұл жайлы ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Оның хабарлауынша, ағымдағы жылдың 11 айында балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артық.
«Осы кезеңде 38,5 мың тонна балық ауланды, 12,2 мың тонна балық өсірілді. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Сонымен қатар ағымдағы жылы экспорт 7%-ға төмендеп, 12,7 мың тоннаны құрады, ал импорт 5%-ға өсіп, 38,8 мың тоннаға жетті», – деді спикер.
Халықтың жан басына шаққандағы балық тұтынуы 4 келіден 5 келіге өсті, алайда ұсынылатын көлем 14,5 келі болып белгіленген. Кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі. Балық аулаумен 700-ден астам балық шаруашылығы субъектілері айналысады, онда шамамен 12 мың балықшы еңбек етеді.
Елімізде 20 халықаралық және республикалық маңызы бар су айдыны тіркелген. Олар 366 учаскеге бөлінген, оның ішіндегі 271 учаске немесе 75%-ы 139 пайдаланушыға бекітілген. 95 учаске бос тұр. Жергілікті маңызы бар 2997 су айдынының 1578-і 1163 пайдаланушыға бекітілген. Резервтік қорда 1419 су айдыны бар. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін балық аулауға 63 мың тонна көлемінде квота бөлінді, оның 38,5 мың тоннасы игерілді.
Балықты жылына жалпы қуаты 120 мың тонна болатын 72 кәсіпорын өңдейді, олардың 20-сы ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттауға құқылы. Балықтың 50 түрі әлемнің 21 еліне (Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай және т.б.) экспортталады. Жалпы, 2025 жылдың 10 айында балық өңдеу кәсіпорындары 45 мың тоннаға жуық ысталған, мұздатылған дайын өнім өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға артық.
Қайта өңделген өнім көлемін ұлғайту мақсатында мынадай шаралар көзделген:
- балықты өңдеумен айналысатын субъектілер үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету
- қайта өңдеушілер үшін айналым қаражатын толықтыруға 5% жеңілдікпен несие беру;
- өндірістік қуаттарды жүктеу мақсатында өңделмеген балықты экспорттауға жарты жылға тыйым салынды.


