Биыл еліміздегі егіс алқабының көлемі 23,7 млн гектарға дейін жеткізіледі

0
183

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады.


Биыл еліміздегі егіс алқабының көлемі 23,7 млн гектарға дейін жеткізіледі

ERNUR.KZ. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайтынын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: нәтижесінде 2 жыл ішінде бидай алқаптарын 750 мың гектарға қысқартуға қол жеткізілді, ал жемшөп және майлы дақылдардың егіс алқаптары биыл 3,3 млн гектарға жетеді, бұл ретте күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектарды құрағалы отыр.

«Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға орналастыру жоспарлануда. Мақта алаңы 135 мың гектар болмақ, оның ішінде дәстүрлі әдіспен өсірілетін алаң 21,4 мың гектарға қысқарып, 85 мың гектарды құрайды. Бұл ретте, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен қытайлық Синьцзян Лихуа компаниясының ортақ жобасын есебінен тамшылатып суарылатын мақта алаңы 50 мың гектарға ұлғаяды», – деп толықтырды Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар, жаздық дақылдарды жаппай егу басталды, бұл ретте барлық өңірлер егу жұмысына кірісті. АШМ деректері бойынша барлығы 3,7 млн гектар, оның ішінде дәнді дақылдар – 2 млн гектар, жемшөп – 300 мың гектар, майлы дақылдар – 888 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары және картоп – 195 мың гектарға егілді. Мақта мен қант қызылшасын себу жұмысы аяқталып қалды.

«Күздік дақылдарға келетін болсақ, 2025 жылдың егініне күздік дәнді дақылдар 405,7 мың га алаңға егілді. Олардың 74%-ы жақсы, ал 23%-ы қанағаттанарлық жағдайда», – деп нақтылады Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау басталды. Атап айтқанда, Түркістан облысында 1,2 мың гектар алқаптан 38,3 мың тонна қырыққабат жиналды.

Биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жинау жоспарланып отыр, бұл жаңа өнім жинауға дейінгі маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.