Биыл Қазақстанда азық-түлік бағасы 4,8% өсті

0
405

Бағаның өсуіне импортқа тәуелді өнімдер, жоғары экспорттық сұранысқа ие тауарлар себеп болып отыр.


Биыл Қазақстанда азық-түлік бағасы 4,8% өсті

ERNUR.KZ. Азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Атырау облысында (6,8%), Нұр-Сұлтан (6,3%) және Шымкент қалаларында (5,6%) тіркелді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Тұрлыханов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Осы жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасы 4,8% өсті. Аталған өсім өткен жылы қаңтар-сәуір айларында тіркелген 5,5% көрсеткіштен төмен. Дегенмен биыл сәуір айында бағалар 1,7% қымбаттады. Ең жоғары баға өсімі Атырау облысында (6,8%), Нұр-Сұлтан (6,3%) және Шымкент қалаларында (5,6%) тіркелді. Бағаның ең төмен өсімі Алматы (4,0%), Қарағанды (4,3%) және Қызылорда облысында (4,4%) байқалған», - дейді Бақыт Тұрлыханов.

Оның айтуынша, бағаның өсуіне импортқа тәуелді өнімдер, оның ішінде қант, қарақұм жармасы, күнбағыс майы сияқты жоғары экспорттық сұранысқа ие тауарлар себеп болып отыр.

Сондай-ақ, маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде бағаның өсімі байқалады.

«Баға өсімі әлемдегі барлық елде тіркелді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сәйкес, биыл төрт айдың ішінде баға өсімі 11,4%-ды құраған. Ресеймен салыстырғанда біздің елдегі азық-түлік бағасының өсімі 2-3 есе төмен», - дейді ол.