Зиянкестермен күресуге республикалық бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлінген.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы министрі мен әкімдерге шегірткелермен күреске ерекше назар аударуды тапсырды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы биыл, 2024 жылға келіп тұр. Бұл мәселеге қатаң жауапкершілікпен қарау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, зиянкестердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурс жұмылдыруды және өңдеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырамын», - деді Бектенов үкімет отырысында.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, былтыр маусымда шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты осы жылы 2,5 млн га алаңда химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр.
«Ең көбі Ақтөбе облысында - 784 мың гектар, Қостанай облысында - 775 мың гектар және Түркістан облысында - 272 мың гектар алаңда таралады деп күтілуде. Өңдеу жүргізу үшін барлық қажетті ресурс бар», - деді ол.
Биыл үйірлі шегірткелермен күресу үшін республикалық бюджеттен 8,1 миллиард теңге бөлінген. Пестицидтер қоры дер кезінде сатып алынды. Өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техникалар жеткілікті.
«Сонымен қатар, шекара маңындағы аумақтардағы шегірткелер бойынша жағдай үнемі қадағаланып отырады. Былтырғы жағдайды болдырмау мақсатында әкімдіктер шегірткелерге қарсы күрес мәселелеріне өте мұқият және жауапкершілікпен қарауы керек», - деп атап өтті Сапаров.