Биыл Қызылорда облысында 108 млрд теңге бюджеттік қаржы үнемделді

0
90

​2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштің өсімі қамтамасыз етілді.


Биыл Қызылорда облысында 108 млрд теңге бюджеттік қаржы үнемделді

ERNUR.KZ. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 100 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысы бойынша 3 трлн 700 млрд теңгеге жеткізіп, өсім 6,5% құрайды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, облыстың бюджеті 851 млрд 300 млн теңгені құрап, 2021 жылдан бері 246%-ға өсті. Оның 56%-ы әлеуметтік салаға бағытталды.

«Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты. Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілді. Нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделді. Оның ішінде, білім саласынан 64 млрд 300 млн теңге, мәдениет және спорт саласынан 15 млрд 400 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізу барысында 20 млрд 100 млн теңге қаржы үнемдеу шаралары қабылданды. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда»,-деді әкім.

Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биыл 631 млрд 400 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 11 айдың қорытындысымен 717 млрд 900 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7%-ға артығымен орындалды. Жыл қорытындысымен 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады.

2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233%-ға артты. Жеке инвестицияның үлесі 70%-ды құрайды. Биылғы бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестиция көлемі 173 млн АҚШ долларын құрады. Жыл қорытындысымен 280 млн АҚШ доллары шетелдік инвестиция тартылады.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 2 трлн 800 млрд теңгеге 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Шілде айында 5 млрд теңгеге толық автоматтандырылған «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90%-ын қамтамасыз етеді.

«Қызылорда Нан» серіктестігінің нан, кондитерлік-макарон өнімдерін өндіретін кешені іске қосылды. Кешеннің жалпы құны 5 млрд 600 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек, 753 млрд 300 млн теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталады.

Аймаққа өндірістік нысандарды орналастыру мақсатында отандық, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жерде өңірдің өнеркәсіптік логистикалық әлеуетіне сәйкес келетін экономикалық қызметтің 18 түрі іске асады. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталды.