Биыл @TazaQazBot телеграм-чат-боты арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсті

0
49

Телеграм-чат-бот 2024 жылдың маусым айында іске қосылды.


Биыл @TazaQazBot телеграм-чат-боты арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсті

ERNUR.KZ. Бұл сервис ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтарды экологиялық мәселелерді шешуге тарту мақсатында құрылған. Платформа ел тұрғындарына әртүрлі экологиялық мәселелер бойынша өтініштер мен шағымдарды жылдам және ыңғайлы жолмен жолдауға мүмкіндік береді. Өтініш беру үшін авторизациядан өтіп, фото тіркеп, мекенжайды көрсетіп, мәселені қысқаша сипаттау жеткілікті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Барлық өтініштер автоматты түрде тиісті жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Орындаушылар жұмыс аяқталғаннан кейін фотоесеп беруге міндетті. Пайдаланушы орындалу барысы туралы хабарлама алып отырады, сондай-ақ қызмет сапасын бағалай алады.

Қолданушылар үшін ыңғайлы болу үшін және жауаптыларды анықтау мақсатында өтініштер 21 санатқа бөлінген, олардың ішінде аумақтарды тазалау, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығару, көшелерді абаттандыру, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, су айдындарын тазалау және басқа бағыттар бар.

Биылғы жылы чат-бот арқылы 24 314 өтініш түсті, олардың ішінде:
• орындалғаны — 22 489;
• орындалуда — 224;
• тоқтатылғаны — 1 601.

Ең көп көтерілген мәселелер – аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру және жол жөндеу.

@TazaQazBot чат-ботының жұмысы қоғамдық бақылауды күшейтуге, экологиялық мәселелерге жедел әрекет етуге және мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінің ашықтығын арттыруға септігін тигізеді.