Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.
ERNUR.KZ. Жеңіс күні соғысқа қатысқан 1 миллион 200 мың қазақстандықты, олардың табандылығы мен қаһармандығын, сондай-ақ тылда еңбек еткендердің еңбектегі ерен ерлігін еске алу болып саналады, деп жазады baq.kz.
Бұл жеңіске аға буынның – аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың теңдессіз күш-жігері мен орасан зор құрбандықтарының арқасында қол жетті. Біз әрбір батырдың қосқан үлесін есте сақтаймыз, бағалаймыз және құрмет тұтамыз.
Қазақстандықтар 20-дан астам атқыштар дивизиялары мен басқа да құрамаларда шайқасты. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. 4 қазақстандық екі рет Батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Жауынгер батырлардың есімдері халық жадында мәңгі сақталады. Бүгінде әрбір қазақ азаматы М.Мәметованың, Ә.Молдағұлованың, Х.Доспанованың, Р.Қошқарбаевтың, М.Ғабдуллинның, Қ.Қайсеновтың, Б.Момышұлының, Т.Бигелдиновтың, Л.Беданың, И.Павловтың, С. Луганскийдың және т.б. ерлігін еске алып, тағзым етеді.
Бұл – қазақ даласының ержүрек ұрпақтары – батыр ұл-қыздарын мәңгі есте сақтау және оларға алғыс айту күні.
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында соғыс қаһармандарын есте сақтауға, жалпы алғанда, фашизмді жеңген Ұлы Жеңістің тарихи естелігін сақтауға ерекше көңіл бөлді. Президентіміз айтқандай, батырларымыздың ерліктері Отан қорғаушылардың бүгінгі және болашақ ұрпақтарына үлгі болып табылады.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып, биыл алғаш рет табыс етілген 1-дәрежелі Сағадат Нұрмағамбетов, 2-дәрежелі Бауыржан Момышұлы және 3-дәрежелі Рақымжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» ордендері қазақстандық ерлік пен патриотизмінің нышаны болды.
Сондай-ақ Жеңіс күнінен бір күн бұрын Қазақстанда Отан қорғаушылар күнін тойлауының символдық мәні бар. Бұл күндер бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені біздің қаһарман бабаларымыз қазіргі Отан қорғаушылар үшін ерлік пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі.
9 мамыр миллионнан астам отандастарымыздың отансүйгіштігі мен жанқиярлығын әрқашан еске салып отырады. Бұл фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосқан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері. Біз мұны әрқашан мақтан тұтамыз.
Бұл күндері біз әрқайсысы өскелең ұрпақ үшін ерлік пен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісіне айналған Бауыржан Момышұлы, Сергей Луганский, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рақымжан Қошқарбаев секілді батырларымызды ардақтап, тағзым етеміз. Олардың ерліктері Отанға деген шынайы сүйіспеншілік оның мүддесін қорғаудағы батылдықпен, төзімділікпен және табандылықпен қатар жүретінін іс жүзінде растады.
Биылғы жылы Жеңіс күнін 148 ардагер мен Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б. 50 012 азамат атап өтеді.
Мемлекет соғысқа қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетеді, ал қоғам болса қамқорлық көрсетіп, әрбір ерліктерін есте сақтайды, құрмет тұтады.
Еліміздің барлық өңірлерінде Жеңістің 79 жылдығын мерекелеуге орай ардагерлерімізге 1,5 миллион теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бірқатар өңірлерде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері мен мәслихаттардың шешімдері негізінде төлемдердің көлемі ұлғайған. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар төлемдер үшін 50,1 мың адамға 3 млрд. теңге көздеген.
Айта кететін маңызды жәйт, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.
Мысалы, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері 3833 доллар. Тәжікстанда соғыс ардагерлеріне берілетін төлеақы көлемі 2300 доллар болса, Өзбекстанда – 1570, Беларусьте – 1227, Әзірбайжанда 1176 – Қырғызстанда – 1130, Грузияда – 750, Молдовада – 565, Ресейде – 107 доллар.
Бұл ретте, Қазақстанда зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Басқа да әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.