Сонымен қатар 300 мыңдай отбасы азық-түлік себетін алды.
«BizBirgemiz» акциясы аясында тағы 80 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды. Біржолғы қаржылық қолдауымен 550 мыңнан астам отбасы қамтылды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Құрметті достар, баршаңызды алдағы Астана күнімен құттықтаймын! Елбасының тапсырмасы бойынша #BizBirgemiz акциясының төртінші кезеңі атқарылды. Еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі тағы 80 мыңнан астам мұқтаж отбасы 50 мың теңгеден алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қорының біржолғы қаржылық қолдауымен 550 мыңнан астам отбасы қамтылды. Отбасы мүшелерін қоса есептегенде, бұл – 2 миллиондай қазақстандық», - деп жазды Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, тұрмысы төмен 100 мың мұқтаж отбасыға 5 миллионнан астам тегін маска үлестірілген. «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры желісі бойынша 300 мыңдай отбасы азық-түлік себетін алды. Бұл іске «Jas Otan» жастар қанатының 5 мыңнан астам волонтері атсалысты.
«Нұротандықтар Түркістан облысының су басқан ауылдарының тұрғындарына мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Шілде айында Достық ауылының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына арналған үйлер салынып бітеді. Кеше Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына арналған үндеуінде атап көрсеткендей, «Біз өткеріп жатқан күрделі кезең – бүкіл адамзаттың басына түскен сын-сынақ. Сырқатпен күрестің ең алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер адамдарды аман алып қалу үшін барлық күшін жұмсауда. Еліміздің Президенті мен Үкіметі қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдауда. Алайда көп нәрсе өзімізге байланысты. Халқымыз басқа түскен қиындықты өзінің қайрат-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы бүкіл халықаралық қоғамдастықпен бірге лайықты түрде еңсеріп, аман-есен шығарына сенімдімін. Біз тағы да жеңімпаз боламыз. Еліміздің жақсы күндері алда. Біз біргеміз!», - деп жазды ол.