БҚО-дағы МИ-8 тікұшағының апатына қаза тапқан екі ұшқыш кінәлі деп танылды

0
118

2023 жылғы 23 ақпанда Бәйтерек ауданы, Бейбітшілік ауылы маңында "Қазавиаспас" АҚ-ның МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.


БҚО-дағы МИ-8 тікұшағының апатына қаза тапқан екі ұшқыш кінәлі деп танылды

Фото: uralskweek.kz

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында 2023 жылы апатқа ұшыраған МИ-8 тікұшағына қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Тергеу қорытындысы бойынша апатқа экипаждың қате шешімдері себеп болған, деп жазады stan.kz.

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында Батыс Қазақстан облысында 2023 жылы болған МИ-8 тікұшағының апатына қатысты қылмыстық істің үш жарым жылдан кейін сотқа жеткенін жазды. Тергеу қорытындысы бойынша апатқа кінәлі деп танылған екі ұшқышқа қайтыс болғаннан кейін айып тағылған.

2023 жылғы 23 ақпанда Бәйтерек ауданы, Бейбітшілік ауылы маңында "Қазавиаспас" АҚ-ның МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Апат салдарынан экипаждың төрт мүшесі қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған.

Тергеу барысында сол күні өңірде дауылды ескерту жарияланғаны анықталды. Осыған байланысты ұшу кейінге қалдырылған. Алайда тікұшақ әуеге көтерілгеннен кейін қарлы боран басталған.

Қолайсыз ауа райына байланысты экипаж ұшу бағытын өзгерту туралы шешім қабылдаған. Борттағы құрылғыға жазылған әңгімеде ұшқыштардың ауа райының күрт нашарлағанын талқылағаны естіледі.

Бұл рейс құтқару мақсатында емес, коммерциялық негізде орындалған. "Қазавиаспас" "ҚазТрансОйл" АҚ-мен магистральдық мұнай құбырын әуеден бақылау туралы келісім жасасқан. Сондықтан тікұшақ бортында жолаушы-инженерлер де болған.

Тергеу мәліметінше, мұнай құбырын бақылау кезінде тікұшақ ең төменгі рұқсат етілген биікте ұшуға тиіс болған. Ауа райының нашарлауына байланысты экипаж кері бұрылуға шешім қабылдағанымен, қауіпсіз биікке көтерілмеген.

Сонымен қатар ұшқыштардың жерге жақындауды ерте ескерту жүйесін өшіру мүмкіндігі болғаны анықталған.

Авиациялық тергеу қорытындысына сәйкес, апатқа экипаждың қате шешімдері себеп болған.

Осыған байланысты Қылмыстық кодексінің 344-бабы (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) бойынша 59 жастағы Давлетбай Қанатов пен 50 жастағы Владимир Афанасьевке айып тағылды. Екі ұшқыш та апат кезінде қаза тапқандықтан, айып оларға қайтыс болғаннан кейін тағылып отыр.

Еске салайық, 23 ақпанда төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы мұнай құбырының үстінен ұшып бара жатып, апатты жағдайда қонғаны хабарланған. Ұшақ Батыс Қазақстан облысының Чапурино ауылынан 6 шақырым жерге қонған. Тікұшақтың бортында бес экипаж мүшесі мен екі жолаушы болған. Сол күні тікұшақтағы 4 адамның көз жұмғаны белгілі болды. "Қазавиаспас" тікұшағы апатынан қаза тапқандар төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазавиапас" мекемесінің қызметкерлері. Тікұшақ апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

24 ақпанда Ми-8 ұшағын пайдаланатын барлық компания Қазақстанда жоспардан тыс тексеруден өтетіні белгілі болды. 24 ақпанда төтенше жағдайлар министрлігі апатқа ұшыраған тікұшақтың бір айға жуық уақыт бұрын ғана техникалық қызмет көрсетуден өткенін хабарлады.