Бүгін емханаға тіркелу науқаны басталады

0
895

Науқас жаңадан тіркелген емханасында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды.


Бүгін емханаға тіркелу науқаны басталады

ERNUR.KZ. Жыл сайын өтетін науқан 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады. Осы жолы қазақстандықтар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 1935 ұйымның біріне тіркелуге мүмкіндік алмақ, деп жазады inbusiness.kz.

Атап айтар болсақ, 710 мемлекеттік және 1225 жекеменшік клиника. Биыл қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар бар? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ең өзекті сұрақтарға жауап берді. Емханасын ауыстырғысы келіп жүрген азаматтар тіркеу науқаны кезінде бұл мүмкіндікті пайдалана алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 15 минуттық жерде орналасқан емханаға тіркелуді ұсынады. Бұл ең алдымен пациент үшін әрі дәрігерді үйге шақырған кезде тез келуіне ыңғайлы. Мұны, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, дәрілік терапияда немесе клиникаға жиі баруға мәжбүр пациенттер ескеру керек.

Бұл ретте таңдаған медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан болуы тиіс. Мекемелердің тізімін Қордың fms.kz сайтында "Клиниканы таңдау" бөлімінен көруге болады.

Айта кетерлігі, пациент жаңадан тіркелген емханасында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды, яғни 31 желтоқсанға дейін бұрынғы емханасына барады. Ал емханаға тіркеу науқанына қатыспаған азаматтар бұрын өзі қаралған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымда тіркелген күйі қалады.