Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Биыл мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 32 жыл толды.
ERNUR.KZ. 1992 жылдың басында мемлекеттік үш нышан – Ту, Елтаңба және Әнұранымызды таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнаулы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және тағы басқа қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды, деп жазады inform.kz.
Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты.
Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды.
Олар: Ту авторы - Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.
Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұран авторлары ретінде - әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Кейін, яғни, 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді.
1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық тандемінен шыққан туындының бастапқы мәтінін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді.
2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті жаңа мемлекеттік гимнін бекітті. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Айта кетерлігі, осы жылдың 15 наурызында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатындығын айтқан еді.
«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сәл кейінірек Қаржы министрі Мәди Такиев Елтаңбаны ауыстыруға қатысты оң шешім қабылданған жағдайда ғана шығыстарына байланысты қалған жайттар қарастырылатындығын атап өтті.
Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында Мемлекет басшысы өз сөзінде «Елтаңбаны ауыстыруға қатысты әртүрлі пікірдің айтылатындығын, егер қажет болса, комиссия құрып талқылау қажеттігін, оң шешім қабылданса байқау жариялау керектігін» ғана айтқанын алға тартады.
«Мемлекет басшысы Елтаңбаны міндетті түрде ауыстыру керек деген пікір айтқан жоқ. Өкінішке орай, көпшілігі мәлімдемені дұрыс қарамайды, оқымайды, тыңдамайды. Шын мәнісінде, Президент ол жерде қоғамда кейбір азаматтың Елтаңбаға қатысты әртүрлі пікір айтып жүргенін, мәселеге қатысты ұстаным қалыптасса, онда ашық түрде талқылау» керектігі туралы пікір айтты», - дейді ол.