​Букмекерлер арқылы өтетін әрбір теңге бақылауға алынады

0
93

Биыл Қазақстанда «Бірыңғай есепке алу жүйесі» іске қосылады.


​Букмекерлер арқылы өтетін әрбір теңге бақылауға алынады

фото: azattyq-ruhy.kz

ERNUR.KZ. Құмар ойын бұл сахна артында көптеген қарыз бен миллиардтаған теңге жасырынған индустрия. Ашық деректер бойынша Қазақстандағы онлайн бәс тігудің нарығы бүгінде 1,3 трлн теңгені құрайды. Бұл тек ашық мәліметтер. Ар жағын қазбаласаң, нарықтың жалпы көлемі әлдеқайда үлкен болып шығуы ғажап емес.

Мемлекеттік органдардың бағалауы бойынша 2,5 млн азаматымыз бәс тігу жүйелерінде тіркелген. Олардың 450 мыңы тұрақты түрде ақша салып отырады, тағы 500 мыңға жуығының заңсыз платформаларда аккаунттары бар.

Биыл Қазақстанда «Бірыңғай есепке алу жүйесі» іске қосылады. Букмекерлер мен клиенттер арасындағы төлемдердің барлығы дәл осы платформа арқылы жүзеге асырылып, бүкіл тігілген бәс туралы ақпарат мемлекеттік органдарда жиналады.

Бұл платформаның жұмыс істеу принципі қарапайым: тіркеліп жатқан азамат анықталады, талапқа сәйкес келмегені жүйеден автоматты түрде шығарылады. 21 жасқа толмаса, шектеуі мен қарызы бар болса немесе мемлекеттік қызметші болса, бітті, оған ойнауға болмайды деген сөз. Сондай-ақ бұл жүйе ашық есеп жүргізіп, алаяқтыққа жол бермейді және ойыншыларға ұтқан ақшасын қайтаруды жеңілдетеді. Қол жеткізілген сенімді дерек арқылы ойыншылардың құқығын қорғауға да мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек платформаға мониторинг функциясын беру көзделген. Ол тәулігіне бір мыңға жуық заңсыз құмар ойындары сайттарын анықтап отырады. Лудомания тәуекелдерін бақылау арқылы бәстердің жиілігі мен көлеміне ерекше көңіл бөлінеді, керек жағдайда арнайы көмек ұсынылады.