БҰҰ «Самұрық-Қазынаны» дербес қорлардың үздік жиырмалығына кіргізді

0
744

«Самұрық-Қазынаның» жұмысын ашық етуге бағытталған шаралар халықаралық ұйымдардың назарына да іліккен сияқты.


БҰҰ «Самұрық-Қазынаны» дербес қорлардың үздік жиырмалығына кіргізді

ERNUR.KZ. Ұлттық әл-ауқат қоры халықаралық рейтингтердегі көрсеткішін жақсартты, деп жазады inbusiness.kz.

«Самұрық-Қазынаның» жұмысын ашық етуге бағытталған шаралар халықаралық ұйымдардың назарына да іліккен сияқты. Квазимемлекеттік алпауыттың жыл бойы жасаған сатып алуларын қорытындылаған Әлішер Пірметов осындай ақпарат айтты.

«Дербес қорлар мен инвестициялық холдингтердің, зейнетақы қорлары мен ұлттық банктердің қызметін зертейтін жаһандық институт «Самұрық-Қазынаны» дербес қорлардың алғашқы ондығына кіргізді. Рейтингті түзу кезінде бұл институт инновация, табыстылық, бірегей бағдарламалар мен жағдайға қарай қабылдаған шешімдердің тиімділігі бойынша бағалау жүргізеді. Бұған дейін бұл тізім әлемдегі ең тиімді әрі ықпалды 100 қор мен орталық банктердің ішінен жасалатын. Қазіргі экономикалық ахуалды, пандемияны ескеріп, биыл институт инвестициялық ұйымдардың 10 тиімді басшысын таңдау жөн деп тауыпты. Осы ондыққа «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов кірді. Басшымыздың пандемия жағдайында қабылдаған шешімдеріне осылай баға берілді. Бұл шаралар барлық қиындықтарға қарамастан, компания құрамында барлық кәсіпорындардың тұрақты жағдайды сақтап қалуына, еңбек ұжымдарында әлеуметтік жағдайды тұрақты ұстауға мүмкіндік берді. Еңбекақыларды кешіктірмей төлеудің де маңызы аз емес. Өйткені компаниялар тобында шамамен 300 мың адам жұмыс істейді», - деген акционерлік қоғамның басқарма төрағасының орынбасары БҰҰ да қордағы өзгерістерге лайықты бағасын бергенін атады.

«Бұған қоса, БҰҰ есебі бойынша «Самұрық-Қазына» әлемдегі 20 жетекші қордың қатарына кіргенін айтқым келеді. Кейінгі жылдары «Самұрық-Қазына» дербес әл-ауқат қорларының ашықтық рейтингінде мүмкін болған 10 ұпайды түгел алып келеді. Бұл біздің қордың ашықтығы жоғары деңгейде екеніне дәлел», - деді Әлішер Пірметов.