Ұлттық комиссия «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобымен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жолға қойды.
ERNUR.KZ. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және әйелдердің цифрлық құзыреттерін арттыруға бағытталған жобалар жайында баяндады.
Ұлттық комиссия «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобымен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірлескен жұмысты жолға қойды. 2025 жылы 545 әйел оқытудан өтті: 21 – «Тиімді корпоративтік басқару» бағдарламасы бойынша, 47 әйел Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы JanAru модульдік бағдарламасы бойынша, 60 – «AI Development Day: мүмкіндіктер мен тәуекелдердің шекарасы» бағдарламасы бойынша, 417 – генеративті жасанды интеллект модельдерімен өзара іс-қимыл дағдылары бойынша оқытылды.
«ҚазМұнайГаз» тобының еншілес және тәуелді ұйымдарында әйелдер қауымдастықтары мен клубтарын құру және дамыту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде «Мұнайшы қыз», «Мұнайым», «Сыр сұлу», сондай-ақ «Women’s Space». 2025 жылдан бастап қыздар мен әйелдердің STEM саласындағы ғ. академиялық ортаға қайта оралуды көздейтін әйелдерге (20 әйел) қолдау көрсетуге бағытталған «Ғылымға қадам» жобасы іске асырылды. 2025 жылы «Robotechnogirls» және «TechGirls» жобалары шеңберінде, оның ішінде ауылдық жерлерден шыққан қыздарды қоса алғанда, 350 қыз бен бойжеткен технологиялық индустриялар мен STEM бағыттары бойынша (Алматы және Шымкент қ., Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстары) оқытылды», – деді спикер.
Елімізде қыз-келіншектерге цифрлық дағдыларды тегін меңгеруге мүмкіндік беретін түрлі бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылы Technovation Girls Kazakhstan бағдарламасы, Astana Hub аясындағы TechOrda бағдарламасы 1400-ден астам қызды қамтыды. Ұлттық комиссияның қолдауымен және «TechnoWomen» қоғамдық ұйымымен бірлесіп, «Cyber Safe for Women», «TechGirls» сынды жобалар іске асырылды.
«IT-Aiel» жобасының мақсаты – цифрлық дағдыларды дамыту, қаржылық сауаттылықты арттыру және жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашу. Бұл жоба ІТ саласында жұмыс істемейтін әйелдерге технология индустриясына қадам жасауға мүмкіндік береді. «IT-Aiel» жобасы – әйелдерге арналған цифрлық мүмкіндіктер платформасы. Үш жыл ішінде 21 000-нан астам әйел білім алды.
«IT-Aiel» жобасының танымалдығына байланысты 2025 жылы «Aqyl Tech» жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік негіздері және жаңа ЖИ мамандықтары жаппай оқытылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6 264 жас сертификат алды, 1 600-ден астамы жұмысқа орналасты немесе фриланс бастады.
Сонымен қатар Г.Қанай биыл 15 наурызда өтетін референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясы қаралып, оның мәтінінде азаматтардың жеке деректерін қорғау құқығы мен цифрлық ортадағы жеке өмірдің қол сұғылмаушылығы нақты бекітілгенін ерекше атап өтті.
«Құқық бекітілуі – жеткіліксіз. Оны пайдалану үшін азамат цифрлық сауатты, қауіпсіз және жауапты болуы керек. Сондықтан біз бүгін тек цифрландыру туралы емес, цифрлық азамат қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Жаңа Конституция азаматтың цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғаумен қатар, оның жауапкершілігін де арттырады», – деді Ұлттық комиссия мүшесі.
Бұл нормалар әйелдер, жастар және ауыл тұрғындары, барлық әлеуметтік топтар үшін тең мүмкіндіктер алаңын қалыптастырады. Әсіресе бұл – әйелдердің IT саласына еркін кіруіне құқықтық негіз.


