Негізгі себептердің бірі салық түсімдерінің болжамы 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланған.
фото: Sputnik / Санат Имангалиев
ERNUR.KZ. 2025 жылы республикалық бюджетке 730 млрд теңге көлемінде салық түспеген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит қорытындысын жариялау кезінде мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
2025 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды.
"Есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары толық орындалмаған. Түспеген қаражат көлемі 730 млрд теңгені немесе 4,8%-ды құрады. Салық түсімдерінің болжамы 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы – негізгі себептердің бірі", – деп хабарлады палата.
Соңғы төрт жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша даулы істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілген. Бұған салық заңнамасы талаптарының бұзылуы және салықтық тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген қателер себеп болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулердің сапасын бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
Кедендік бақылау саласына жүргізілген аудит барысында тауарларды әкелу кезінде бірқатар жеңілдіктің заңсыз қолданылғаны анықталды.
"Атап айтқанда, тек электр көліктеріне арналған жеңілдіктер гибридті автокөліктерді әкелу кезінде де пайдаланылған. Соның салдарынан анықталған фактілер бойынша бюджетке 70 млн теңге көлемінде қаражат түспеген", – деді аудиторлар.
Сонымен қатар сыртқы экономикалық қызметке қатысушы 34 компания тауар импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеу тәртібін заңсыз қолданған. Соның салдарынан импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.
Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеңілдету құқығына ие уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылау тиісті деңгейде жүргізілмеген. Нәтижесінде кейбір операторлар қызметін тоқтатуға негіздер болғанына қарамастан, өздеріне берілген жеңілдіктерді пайдалануды жалғастырған.
Сонымен қатар аудит аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын көрсетті.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылық заң бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, 33 рәсімдік бұзушылық және 11 жүйелі кемшілік тіркелді.


