Дәрі-дәрмекті рецептсіз сату фактісі бойынша жалпы сомасы 20 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
ERNUR.KZ. Фармация комитеті төрағасының орынабсары Нұрлыбек Асылбеков Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында дәрілерді рецептсіз сату фактілері туралы айтты, деп жазады baq.kz.
«Рецептсіз босатылуға қарсы қандай жұмыс жасалды? Бізде рецептсіз сату бүгін ғана тоқтатылған жоқ. 15 жылдан бері бар норма. Соған байланысты бізде тексерулер жүргізіліп тұрады. Қазіргі фармация комитеті тарапынан профилактикалық тексерулер жүргізіледі. 2017 жылы тіркелген 50 факті бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық» кодексі арқылы шара қолдандық», - деді Асылбеков.
Оның айтуынша, комитет рецептсіз сату фактілері 2018 жылы екі есеге дейін (90 факті) өскен және жалпы сомасы 20 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Бұл аз көрсеткіш деп ойлаймыз, өйткені бұл негізінде шағымдар арқылы, болмаса ІІМ тарапынан нашақорлыққа қарсы комитетпен бірге жұмыс істеу арқылы анықталды. Бұл жұмысты қазіргі уақытта тек профилактика арқылы, болмаса азаматтардан түскен шағымдар арқылы қадағалап отырмыз», - деп айтты комитет төрағасының орынбасары.