Былтыр жазда Маңғыстау облысында тұщы су тапшылығы болған жоқ

0
100

​Маңғыстау өңіріндегі маңызды мәселелердің бірі – инженерлік инфрақұрылымды дамыту.


Былтыр жазда Маңғыстау облысында тұщы су тапшылығы болған жоқ

ERNUR.KZ. Облыста ауыз су тапшылығы ұзақ жылдар бойы күрделі проблема болды. Аталған мәселені шешу бағытында Ақтау қаласында 46 мың текше метр суды тұщытатын қондырғы іске қосылды. Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлағандай, осы шаралардың нәтижесінде биыл жазда ауыз су тапшылығы болған жоқ.

«Кендірлі курорттық аймағында өнімділігі тәулігіне 50 000 текше метрді құрайтын теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы аяқталды. Зауыт Жаңаөзен қаласы және жақын маңдағы ауылдарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етеді. Жаңаөзен қаласын ауыз сумен қамтып отырған Астрахань-Маңғышлақ су құбырына жүктеме азаяды және аталған су құбырынан босап шыққан 26 000 текше метр су көлемі Бейнеу ауданы Бейнеу ауылына, Қарақия, Мұнайлы, Қызылтөбе, Маңғыстау ауданының ауылдарына жіберіледі. Құрық ауылында өнімділігі тәулігіне 10 000 текше метр су тұщыту қондырғысын орнату жобасы аяқталды. Бұдан бөлек, Ақшұқыр және Сайын-Шапағатов ауылдарында су мәселесі түбегейлі шешілді», – деді спикер.

Облыстағы 790 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 61%-ның тозығы жеткен. Оның басым бөлігі Ақтау қаласында. 64 шақырым жылу желілерін жаңарту жобалары аяқталды. Нәтижесінде, Ақтау қаласы бойынша тозу деңгейі 79%-дан 70%-ға төмендеді және жылыту маусымы кезеңінде ақаулар саны 118 бірлікке азайды.

Электр энергиясына қажеттілікті және «МАЭК» ЖШС жөндеу жұмыстары кезеңінде резервті қамтамасыз ету мақсатында Huadian компаниясымен қуаты 160 МВт құрайтын бу-газ қондырғысының құрылысы басталды. Ол 2027 жылы пайдалануға беріледі.

Өңірде халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 14 675 тұрғын бар. Ағымдағы жылы 552 пәтер сатып алынды.

Бүгінгі күнде өңірде өзекті мәселелердің бірі жұмыссыздық мәселесі болып тұр. Жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында аудан, қала тұрғындарымен кездесулер аясында өңірдегі ірі мекеме басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, мәселе тұрақты бақылауда.