Бюджетті игере алмағандарға шара қолданамыз – Асқар Мамин

0
781

Қаражаттың ең көп сомасын игермеген Ішкі істер министрлігі.


Бюджетті игере алмағандарға шара қолданамыз – Асқар Мамин

ERNUR.KZ. Бюджет қаражатын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктерге тиісті шара қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Былтырғы жылғы, сондай-ақ биылғы жылдың жоспарына қарағанда асыра орындау орын алды. Алайда бюджеттік бағдарламалардың бірқатар әкімшілері бюджет қаражат игермеген. Қаражаттың ең көп сомасын игермеген Ішкі істер министрлігі. Онда – 9 млрд теңге», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Асқар Мамин Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан мұның себебін сұрады.

«Бюджет қаражатын игермеудің негізгі себебі 3,5 млрд теңгеге ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алулар комитетінде арнайы техникаларды жеткізуге конкурс болды. Олар - 39 автосаты мен 40 автоцистерна. Олардың барлығы Семей автомобиль құрастыру зауытынын шығарылады. Бүгінгі күні жеткізуге үлгермей жатыр. 1 қазанға дейін бітіреді. 2,6 млрд теңге әскери бөлімшелерге қатты-сұйық отын жеткізуге бөлінген. Отын жеткізу бүкіл Қазақстан аумағында жүргізіліп жатыр. Қыркүйектің соңына дейін бұл қаражат игеріледі», - деген министр қалған қаражаттардың да жыл соңына дейін толық жұмсалатындығына сендірді.

Премьер-Министр дерегінше, еліміздің Қорғаныс министрлігі де 10,3 млрд теңгені игере алмай отыр. Осы мәселеге қатысты сөз алған Қорғаныс министрінің орынбасары Мүсілім Алтынбаев 9 айдың қорытындысында қаражат 99 пайызға игерілетіндігін айтты. Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де 10 млрд теңге игере алмай отыр. Бұл мәселеге қатысты сөз алған министр Мағзұм Мырзағалиев жыл соңына дейін қаржыны 100 пайыз игермек. Ал Мәдениет және спорт министрлігі игере алмаған қаражат сомасы - 6,7 млрд теңге.

«9 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген 7 млрд 262 млн теңге қаражатты толық игереміз», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де 4,9 млрд теңгені игере алмай отыр. Аталған ведомство басшысы Роман Склярдың айтуынша, бұл сома Арыстағы жарылыс салдарын жою актілерінің кеш тапсырылуына байланысты қалыптасқан.

«Жылдың соңына дейін санаулы айлар қалды. Мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшылары бюджет қаражатын уақтылы игеруді ерекше назарға алуы керек. Осы ретте 9 айдың қорытындысы бойынша бюджет қаражатын игермеген мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге қатысты тиіс шешімдер қабылданады», - деп ескертті Асқар Мамин.